Республиканың 22 қаласында өткен емтиханға 11 мың абитуриент қатысыпты
Жастар жылы аясында Сүлеймен Демирел атындағы университет мектеп пен колледж бітірушілеріне арнап ауқымды олимпиада ұйымдастырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Республиканың 22 қаласында өткен емтиханға 11 мың абитуриент қатысыпты. Үздіктерге оқу орны 300 грант тағайындаған. Сонымен қатар, 4 жыл көлемінде жеңілдіктерге де ие болады.
«Талапкерлер Ұлттық бірыңғай тесттегі пәндерден тест тапсырмаларын орындайды. Олар әдебиет, химия, физика, тарих, ағылшын тілі және география. Олимпиада форматы да ҰБТ-дан еш ерекшеленбейді. Яғни, болашақ студентке ол қосымша талпыныс береді. Болмаса өз білімін сынауға мүмкіндік алады», – деді Сүлеймен Демирел атындағы университет ректоры Қанат ҚОЖАХМЕТ.
Сүлеймен Демирел университетінің олимпиадасы бесінші жыл қатарынан ұйымдастырылуда. Жыл санап оған қатысуға ниет білдіргендер саны артып келеді екен. Сәйкесінше, грант саны да көбеюде. Түлектер қазақ және орыс тілдерінде 6 кластер бойынша тест тапсырады. Ал оның сұрақтарын зияткерлік мектептердің үздік мұғалімдері дайындапты.
«Осы емтиханнан грант алған бала, кейін ҰБТ-дан небәрі, шекті балл, яғни 50 балды алса жеткілікті. Біздің университетте 4 жылға тегін оқуға мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар, Алматыдағы орталыққа шамамен, 500-ге жуық ата-ана келді, біз оларға ректордың, профессоралардың қатысуымен тренинг, мастер-кластар өткізіп жатырмыз. Болашақта балаға дұрыс мамандық таңдауға, дұрыс бағыт-бағдар беруге қол ұшын беруге дайынбыз», – дейді Сүлеймен Демирел атындағы университет ректоры проректорының орынбасары Омарбек КӨШКІМБАЙҰЛЫ.