Қызылорда облысында екі жаңа нысан қолданысқа берілді

29.08.2024 21:28

Жаңа оқу жылында облыс бойынша 185 мыңға жуық бала білім алады

Almaty.tv

Білім күні қарсаңында ел игіліне беріліп жатқан нысандар бар. Бұған дейін бұқара талай мәселе қылып көтеріп, атқамінерлерге айтып келген жайт осылайша, біржақты болды. Нақтырақ айтсақ, Қызылорда облысына қарасты ауданның азаматтары қос бірдей нысанның қызығын көрмек, деп хабарлайды Almaty.tv

Байкенже ауылында 1500-ден аса халық тұрады. Ауыл мектебі әбден көнергендіктен жаңа мектеп салу қажеттілігі күн тәртібінен түспей келген. Былтыр жаңа білім ұясының қазығы қағылды. Нысан құрылысына облыстық бюджеттен 936 млн теңге қаржы бөлініпті. 150 орындық мектеп құрылысы да 1 жылға жетпей аяқталып отыр.

«Көптен күткен 150 орындық мектептің құрылысы аяқталып, балаларымыздың игілігіне табысталғалы тұр. Бұл өте қуанышты жаңалық. Өйткені, біз балаларымызға сапалы білім беруміз керек», – деді Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Жаңа оқу жылында облыс бойынша 185 мыңға жуық бала білім алады. Оның 17 мыңнан астамы мектеп табалдырығын алғаш рет аттағалы отыр. Жалпы Сыр өңірінде Президент бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 21 мектеп салынып жатыр. Соның 10-ы биыл пайдалануға берілмек. Ал қалған 11 нысан келер жылы ашылады. Заманауи үлгідегі мектепте сапалы білім алуға барлық мүмкіндік бар. Арнайы пәндік кабинеттер жасақталып, асхана мен спорт залы жұмыс істейді. Білім күні қарсаңында берекемен біткен іске ауыл жұрты дән риза.

«Жалпы 2023-2024 оқу жылында білім саласында жаңадан 17 ғимарат берілетін болады. Оның ішінде 10-ы жайлы мектеп», – деді облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов.

Аймақтың денсаулық сақтау саласында да серпін бар. Мәселен, Жаңақорған кентінде балаларды оңалту орталығы пайдалануға берілді. Аудандық ескі аурухана ғимараты қайта жаңғыртылып, жаңа кейіпке енді. Мұнда ерекше балалардың сапалы ем алуына толықтай мүмкіндік бар.

«Балам 9 жасынан бастап ауырады. Қалада осындай оңалту орталығына апарып ем аламды.Қазір ауданымызда ашылып жақсы болды», – деді Жаңақорған ауданының тұрғыны Мейрамкүл Сәрсенбайқызы.

Оңалту орталығын жаңғыртуға «Қазақстан халқына» әлеуметтік қоры қолдау білдірген. Қор соңғы екі жылда өңірдің денсаулық сақтау саласына 2 млрд теңге қаржы бағыттапты.

Асқар Сәрсенұлы, Т.Әділбекұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда «Бабалар аманаты» атты жинақтың тұсаукесері өтті