Алматыда «Мектепке жол – шекарасыз жақсылық» акциясы жалғасып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Науқан аясында №185-мектептің 152 оқушысы мектеп формасы және оқу құралдарымен қамтылды. Мемлекет тарапынан әр балаға 43 мың теңгеден материалдық көмек көрсетілген. Бұдан бөлек, мектеп ұжымы мен кәсіпкерлер 40 оқушыға киім-кешек пен кеңсе тауарларын табыстады.
"Киімдерді кигізіп көрдім, бәрі дұрыс болды. Рахметімді айтамын, осындай көпбалалы аналарға бұл көмек болады деп ойлаймын. Сапасы да өте жақсы. Қазақстаннан шығып жатқан бренд тауарлар екен", - дейді көпбалалы ана Гүлжан Жаңабаева.
«Алтын алқа» иегері Лаура Уәлиева да өз разылығын білдірді.
"Менің жеті балам бар. Бес балам осы мектепте оқиды. Бірақ бірінші сыныпқа алынбайды деді. Төрт балама 42 мыңнан 170 мың теңге алдым. Балаларымды киіндірдік. Сол үшін алғысымыз шексіз. Мектеп мұғалімдері көмек қолын созғысы келетін қайырымды жандар аз емес дейді. Сондай ұйымдар мен жеке адамдар 20 балаға сөмкелер мен оқу құралдарын тапсырыпты", - дейді ол.
Мектеп директоры қаржылай көмек кімдерге берілгенін айтып өтті.
"Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар, көпбалалы аналар, мүгедек баланы асырап отырған ата-аналар бар, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар бар. Оның бәрі толық қазір қамтамасыз етілді", - деп мәлімдеді ол.