Конференцияға отандық ғалымдардан өзге, шетел профессорлары қатысты
Алматыда ұлт зиялысы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай халықаралық деңгейде ғылыми-әдістемелік конференция ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жиынға отандық ғалымдардан бөлек, бауырлас Түркия Республикасы мен Аустрияның профессорлары қатысты. Олар алаш азаматының еңбектеріндегі ғылыми әдістерге ерекше тоқталып, олардың қазіргі білім беру методикасында да маңызын жоғалтпағанын айтты.
«Ағартушының идеологиясы, жалпы бар мақсаты – қазақ жұртының көзін ашу болды. Оның зерттеу жұмыстары, еңбектері ана тіліміздің мәртебесін көтеруге бағытталды. Өкінішке қарай, Кеңес үкіметі тұсында ағартушымыздың көп еңбегі жоғалып, көзі жойылды. Сондықтан оны қайта жаңғырту – біздің міндет», – деді Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясының ректоры Баян Бесбаева.
Басқосуда қазақ тілінің мәртебесін көтеру мәселесі де талқыланып, қатысушылар өз ойын ортаға салды. Жиналғандар сондай-ақ, ағартушының ұмыт болған еңбектерін қайта жаңғырту үшін аянбай еңбек етуге шақырды.
«Жалпы Ахмет Байтұрсынұлының халқымыздың тағдырына, қоғамдық саяси өміріне, тіл ғылымы саласына сіңірген еңбегі өлшеусіз. Ол – бүкіл санаулы ғұмырын еліміздің көркеюі, болашағы жолына арнаған ұлт тұлғасы, ұлт ұстазы», - деді Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясының кафедра меңгерушісі Толқын Әуелғазина.