Биыл 345 мың бала бірінші сыныпқа қабылданады
Білім күніне арналған салтанатты іс-шара еліміздің барлық өңірінде дәстүрлі түрде 1 қыркүйекте өтеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
«Құрметті әріптестер! Қадірлі ұстаздар, ата-аналар мен оқушылар!
Білім күніне арналған салтанатты іс-шара еліміздің барлық өңірінде дәстүрлі түрде 1 қыркүйекте өтеді.
2024-2025 жаңа оқу жылында 345 мың бірінші сынып оқушысы алғаш рет мектеп партасына отырады. Олар үшін 1 қыркүйекте «Мектебім – мейірім мекені» тақырыбында салтанатты шара өтеді.
2 қыркүйекте – жаңа оқу жылының бірінші күні – «Менің Отаным – Қазақстан» тақырыбында Бірыңғай сынып сағатымен басталып, әрі қарай сабақ кестесіне сәйкес жалғасады», - деп хабарлады министрлік.
1 қыркүйек жексенбі күнге сәйкес келгендіктен, бұл күні жұмысқа шыққан мұғалімдерге ақы төленеді.
«Педагогтердің еңбегіне ақы төлеуге қатысты Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 79-бабына сәйкес жұмыс беруші қызметкердің нақты жұмыс істеген және жұмыс істемеген уақытының есебін жүргізуге міндетті екенін хабарлаймыз.
Демалыс және мереке күндері жұмыс істеген қызметкердің қалауы бойынша басқа демалыс күні беріледі немесе қызметкердің күндік (сағаттық) мөлшерлемесі бойынша кемінде екі есе мөлшерде ақы төленеді (ЕК)», - деп жазды министрлік.
Оқи отырыңыз: Алматылық оқушылар үшін алғашқы қоңырау қашан соғылады