Құжаттарды қабылдау мерзімі 2022 жылдың 10 тамызына дейін
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Zhas Project шағын грант беру байқауына өтінімдер қабылдайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Құжаттарды қабылдау мерзімі 2022 жылдың 10 тамызына дейін. Жоба Үкіметтің биылғы жылға арналған бағдарламасы шеңберінде Алматы, Жетісу, Қарағанды, Ұлытау, Маңғыстау және Түркістан облыстарында пилоттық режимде іске асырылуда», – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері жөніндегі комитеттің төрағасы Қайрат Баймульдинов.
Сондай-ақ ол 250 жобаға қолдау көрсету көзделгенін атап өтті. Бір адамға тағайындалған грант сомасы – 1 млн теңге.
Ал Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ғалым Құрман орталықтың Zhas Project жобасын іске асыру үшін үкіметтік емес ұйымдардың арасында 4 байқау өткізілгенін айтты.
«Байқау нәтижесінде Алматы облысында Zhas Project жобасын үйлестіруші болып «Тамшыбұлақ» қоғамдық бірлестігі, Қарағанды облысында «Жас ұлан» балалар және жасөспірімдер ұйымы, Маңғыстау облысында «Түпқараған жастары», Түркістан облысында «Қазақстан жастар конгресі» анықталды», - деді ол.
Сонымен қатар, Ғалым Құрман жобаның биылғы басты ерекшелігі грантты ақшалай қолға берілмейтіні екенін мәлімдеді.
Байқауға қатысуға өз әлеуетін, өмірлік маңызды дағдылары мен көшбасшылық қасиеттерін дамытуға, бастамашыл идеялар мен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі 18 бен 28 жас аралығындағы (қоса алғанда) жастар шақырылады.
Жобада ерекше басымдық осал топтар санатына жататын жастарға беріледі: тіркелген жұмыссыз мәртебесі бар жастар; аз қамтылған отбасыларда тұратын, жетім балалар мен мүгедектер; мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналар, көпбалалы отбасылар, сондай-ақ «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқасымен марапатталған көпбалалы аналар.