Бүгін әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың туған күні

12.04.2020 21:38

Қазақтан шыққан тұңғыш геолог әрі академик Қаныш Сәтпаевтың туғанына 121 жыл толды

© Sputnik / Иосиф Будневич

Бүгін әйгілі ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш геолог әрі академик Қаныш Сәтпаевтың туған күні, деп жазады Almaty.tv тілшісі.

Қаныш Имантайұлы Сәтбаев – Жезқазған кен орнын ашуы, Металлогения ғылыми мектебінің негізін қалаушы, Қазақ ғылым академиясының негізін қалаушы және оның тұңғыш Президенті, қазақтан шыққан тұңғыш академик.

Қаныш Имантайұлы 1899 жылдың 12 сәуірінде Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. Шын есімі Ғабдулғани. Анасы ұлын еркелетіп Ғани, Ғаныш деп атапты. Артынша баланы барлығы Қаныш деп атай бастаған. Тіпті, облыстық мектепке барғанда журналға есімі Қаныш болып жазылып кеткен.

Сауатын ауыл молдасынан ашқан болашақ ғалым, ауыл мектебіндегі төрт жылдық бағдарламаны үш жылда аяқтайды. 1911 жылдан бастап Павлодардағы 2-сыныпты орыс-қазақ училищесін бір жылда бітіріп шығады. 1914 жылы Семей мұғалімдер семинариясына түсіп, оны төрт жылда аяқтап, бастауыш мектептерге орыс тілінен сабақ беруге құқық беретін куәлікке ие болады. 1918 жылдың күзінде Земство басқармасының қаржысымен Алаш қалашағында ашылған, ауылдық қазақ мектептері үшін мұғалім болып, еңбек жолын бастайды.   

Қаныш Сәтбаев Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Әлкей Марғұлан сияқты өз қатарластарымен бірге 20-шы ғасырдың басында Семейде мұғалімдер семинариясында білім алды. Сол кезде бұлар Алаш арыстарымен тікелей араласты. Оларды пір тұтып, олардан үйренді. Соларға қарап бой түзеді. Яғни кейінгі жылдары Сәтбаевтың атқарған қызметі, еңбегі тікелей Алаш идеясын, Алаш арыстарының арманын іске асыруға жұмсалды.

Қ. Сәтбаевтың геологиядан басқа ғылымдарда, мәдениет саласында, тарихта қалдырған еңбектері мол. Ш.Уәлиханов жазып алған «Едіге» жырының мәтініндегі қазақ оқырмандарына түсініксіз араб, татар сөздерінен тазартып, қазақ тілінің жаңа орфографиясының негізінде қайтадан дайындаған.

Ұлан байтақ жердің байлығын игеруге бүкіл ғұмырын арнаған Қаныш Имантайұлы қазақ геология ғылыми мектебінің негізін қалады. Жезқазғанның кенін зерттеп, Сарыарқаның металлогендік және болжам картасын жасауға еңбек сіңірді. 1929 жылы темір-марганец кендерін игерудің негізінде Қарағанды облысында қара металлургия өнеркәсібін дамыту туралы мәселесін көтерген.

Көп ғасыр тарихы бар қазақтардың арасында тұңғыш геолог атанған Қаныш Сәтбаев Жезқазған және Қарсақбай ауданындағы басқа да пайдалы қазбалар кен орындары геологиясын зерттеді.

Сәтбаев геологиялық барлау жұмыстарын жүргізді, оның жетекшілігімен бұрғылау мастерлері, сызба сызушылар, прорабтар және т.б. кадрлар қалыптасты.

Қазақстандық ғалым Жезқазған мыс кен орнының қоры бұрынғыдан әлдеқайда көп екенін дәлелдеді. Осы жаңалық үшін оған 1940 жылы КСРО жоғары мемлекеттік наградасы – Ленин ордені берілді. Кейінірек оған тағы төрт орден табыс етілді.

Қаныш Сәтбаев соғыстан кейінгі жылдары елдегі ғылымда жүрген адамдардың басып қосып, Қазақ ғылым академиясын құрды. 1946 жылы ашылған ҚазКСР ғылым академиясының алғашқы президенті болып Қаныш Сәтбаевтың сайлануы кездейсоқтық емес.

1941-1952 жылдары КСРО Ғылым академиясы Қазақ бөлімшесінің құрамындағы Геология ғылымдары институтының директоры, КСРО Ғылым академиясының Қазақ бөлімшесі Төралқасы төрағасының орынбасары, төрағасы, Қазақстан Ғылым академиясының президенті болды. 

Қаныш Сәтбаев соңғы рет туған жері Баянауылда 1959 жылы болған. Ол 1964 жылы Мәскеуде ауруы асқынып қайтыс болды. Еліне өлшеусіз еңбек еткен ғалым Алматыдағы орталық зиратқа жерленді.

Материал түрлі дереккөздер негізінде дайындалды