Алматыдағы Әскери-техникалық мектепке 20 жыл: Қысқа мерзімді әскери білім алатындар жыл санап артып келеді

20.05.2020 21:39

Жалпы ел бойынша мұндай 15 әскери мектеп бар

kazaly.gov.kz

Биыл  Алматыдағы Әскери-техникалық мектепке 20 жыл. Еліміздегі бұл жас жауынгерлер курсы әскердегі мерзімді қызметті алмастырып келеді. Арнайы мектеп ашылған күнінен бастап қай кезде болмасын елі үшін еңбек етуге дайын әскерилерді тәрбиелеп қана қоймай, игі істердің басы-қасында жүреді. Қысқа мерзімді әскери білім алатындар жыл санап артып келеді. Карантин кезінде 20 жыл толған арнайы мектепті Almaty.tv тілшісі көріп қайтты.  

Әр экспонаты өткен-кеткеннен сыр шертетін бұл музейде мектеп ұжымы үшін орны бөлек екі алғыс хат бар. Бірінің тарихына үңілсек, өткен жылы түн ортасы таяғанда танымал ақын ауруханаға түседі. Оған тез арада сирек кездесетін қан керек еді. Сол уақытта шұғыл шара қолданып, әскери мектеп тәрбиеленушілері өз еріктерімен қан өткізіп, ақын жанын аман алып қалуға қарлығаштың қанатымен су сепкендей үлес қосады.        

«Мектепте тәрбиелену барысында мектеп бойынша қан тапсыру орталығына барып, ерікті түрде қан тапсырдық. Онда келіскен тәрбиленушілердің саны біраз болды. Барлығымыз міндетті түрде айтылған жоспарға сай бұйрықты орындап отырдық және өзіміз ерікті түрде қан тапсырдық деп айтуға болады», – деді Әскери-техникалық мектеп түлегі Темірлан ӘМЗЕ.

Сонымен қатар, 2015 жылдың шілдесінде су тасқыны болып, Алматыдағы Қарағайлы мен Таусамалы аудандарының зардап шеккені әлі де болса көптің есінен шыққан жоқ. Тура сол уақытта осы әскери мектеп оқытушылары білек сыбанып, табиғи апаттың салдарын жоюға үлес қосты. Тиісінше, сондағы тұрғындардың алғыс хаты осы музейде тұр. Одан өзге, карантин кезінде де ресми түрде жұмысын тоқтатқанымен, мектеп еліміздің қарулы күштеріне қолдан келгенше қол ұшын созыпты.  


«Карантинде қызметі бір сәтке де тоқтамаған әскерилердің бір бөлігі осында келіп, тамақтанып, жаттығу жасап тұрды. Әскери техникалық мектеп осы уақытта карантин кезінде тәрбиеленушілерді қабылдамағанымен, аз да болса қолымыздан келетін көмекті бердік деп ойлаймын», – деді Әскери-техникалық мектебінің директоры Мирас ЖЫЛГЕЛДИН.

Мектеп 20 жыл ішінде 6500 астам жас ұланға қысқа мерзім ішінде болса да әскери өмірді  сезіндірді, білім нәрімен сусындатты. Ал, жалпы ел бойынша мұндай 15 әскери мектеп бар.  

Әзірге бұл казарма бос. Себебі, әскери техникалық меткеп соңғы түлегін биыл 15 сәуірде шығарып салған болатын. Ал, жаңа тәрбиеленушілер жақын арада келмек. Ол үшін мына төсектерді санитарлық нормаға сәкес арақашықтығын 2 метр етіп қайта жабдықтамақ.  

Сондай-ақ, жаңа тәрбиеленушілер міндетті түрде COVID-19 инфекциясына тест тапсыруы қажет. Айтпақшы, мұнда 22 мен 27 жас аралығындағы курсанттарды қабылдайды.

Арнат Дүйсен, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы