Мектептердегі орын тапшылығын азайту мақсатында биыл Алматыда 21 нысан қолданысқа беріледі. Олардың іргетасы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қаланып, 35 мыңға жуық баланы қамтиды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Шаһардың Түрксіб ауданында биыл 4 жаңа оқу ордасының құрылысы басталады. Қазір онда жұмыс істеп тұрған 30-дан астам мектеп ұлттық білім беру жүйесін қолға алған. Аудандағы алғашқы қазақ мектебі Сапар Байжанов атындағы №162 мектеп-гимназиясы 30 жылдық тарихында жеткен жетістіктерін көрсетіп, пән бірлестіктерін таныстырды. Қазір білім ордасында жоғары санаттағы педагогтер, білім беру үздіктері қызмет етеді. «Білікті ұстаз – білімді шәкірт» ұстанымын жолға қойғандардың қатарында инклюзивті білім беретін педагогтер де бар.
– Мектепте ашылған кезде 150 оқушы оқитын. Бүгін 30 жыл бұрын қиялымда салған мектебімді көрдім. Әр жылы мектебіме сағынып келіп, қуанып қайтамын, – деді С. Байжанов атындағы №162 мектеп-гимназиясының алғашқы директоры Ділбар Жүнісова.