|
21.06.2022 | 16:47
945

Қазақстанда үздік педагогтерге арналған бағдарлама басталды

Құжаттар 2022 жылғы 26 маусымға дейін қабылданады

Қазақстанда үздік педагогтерге арналған бағдарлама басталды photo: 7-su.kz

Елімізде мұғалім тапшылығы бар және білім сапасы нашар өңірге үздік педагогті тарту бойынша арнайы бағдарлама басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазіргі уақытта байқауға қатысу үшін құжат қабылдау жүріп жатыр. Қажетті құжаттар тізімі жергілікті атқарушы органның және НЗМ ақпарат ресурстарында орналастырылған. Құжаттар 2022 жылғы 26 маусымға дейін қабылданады.

Мәселе Түркістан, Атырау, Маңғыстау және Алматы облыстары жайында. Бұл аймақтарға математика, физика, химия, орыс тілі мен әдебиеті, шет тілі мұғалімі қажет.

«Халықаралық PISA 2018 зерттеуінің және Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі басқа облыстардың оқушыларымен салыстырғанда осы өңірлер оқушыларының білімінде алшақтық барын көрсетіп отыр. Осы өңірлердің білім сапасын арттыру және педагог тапшылығы мәселесін шешу үшін үздік мұғалімді тарту мақсатында арнайы бағдарлама әзірленді. Педагогтер конкурс арқылы іріктеледі. Конкурсқа тиiстi бейiндер бойынша жоғары педагогикалық, жоғары кәсiптiк бiлiмi бар, «педагог-сарапшы», «педагог-зерттеуші», «педагог-магистр» бiлiктiлiк санаттары бар мұғалімдер, сондай-ақ оқу үлгерiмi жақсы жоғары оқу орындарының педагогикалық мамандықтарының түлектерi қатыса алады. Педагогтерге конкурсқа тұрғылықты жеріне қарамастан қатысуына болады», - деп түсіндірді Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.

Мұғалімді бос лауазымға тарту үшін тиісті аймақтың облыстық білім басқармасы жанынан Үйлестіру кеңесі, сондай-ақ министрлік жанынан Конкурс комиссиясы құрылады.

Бос жұмыс орындарына орналасу үшін үміткер компьютерлік тестілеуді сәтті тапсырып, эссе жазып, әңгімелесуден өтуі керек.

Емтихан үміткердің таңдауы бойынша өңірдегі Назарбаев Зияткерлік мектебінде қазақ, орыс немесе ағылшын тілінде өткізіледі.

Конкурс іріктеуінен өткен мұғалімге 4 апталық біліктілікті арттыру курсы мен курстан кейінгі қолдау шарасы ұйымдастырылады. Оның құрамына онлайн және офлайн форматтағы семинар, вебинар мен шеберлік сыныбы, Зияткерлік мектептің зертханасында жаратылыстану пәні мұғалімдеріне арналған тағылымдама кіреді.

Үздік педагогті тартуға арналған арнайы бағдарламада мұғалімдерді қолдауға бағытталған шаралар кешені бар. Атап айтқанда, лауазымдық жалақының 250% мөлшерінде ынталандыру төлемдері бар, оның ішінде жалақыны көтеру, тұрғын үйді жалдау ақысын және коммуналдық төлемдер шығынын өтеу қарастырылған.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир