Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шетелдерде филиал ашпақ – ЖОО ректоры есептік кездесу өткізді

30.09.2021 23:24

Оқу ордасы әлемнің ең үздік 200 университетінің қатарына кірді

Almaty.tv

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев онлайн және офлайн форматта есептік кездесу өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ректор жоғары оқу орнының білім беру және ғылыми-зерттеу жұмысы, инфрақұрылымын жаңғырту және әлеуметтік мәселелері туралы баяндады. Сондай-ақ 2020-2021 оқу жылындағы негізгі нәтижелерді талдап, көшбасшы университеттің алдағы даму жоспарын таныстырды.

Жиынға ҚР Президенті әкімшілігі, Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, мемлекеттік құрылымдар мен елшіліктер, ЖОО ректорлары, ҚазҰУ директорлар кеңесінің мүшелері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, жергілікті қала, аудан әкімдіктері, Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, мектеп ұстаздары мен университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы, білім алушылар, жұмыс берушілер, ата-аналар мен БАҚ өкілдері қатысты.

«Университет тарихының, оқытушылардың, ғалымдардың және студенттердің кәсіби деңгейінің жоғарылығының арқасында университет жаһандық бәсекеге қабілеттілікке ие», - деп атап өтті ҚазҰУ ректоры Ж.Түймебаев.

Посткеңестік кеңістікте тек екі университет әлемнің топ-200 үздік университеттерінің қатарына кіреді, олар М.В. Ломоносов атындағы ММУ (78 орын) және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ (175 орын). Сондай-ақ университет жоғары бағаға қол жеткізіп, «QS Stars Rating System» халықаралық рейтингісінде «Бес жұлдыз» артықшылығына ие болған Орталық Азия өңіріндегі алғашқы және жалғыз жоғары оқу орны.

Университет университеттің кадрлық әлеуетін дамытуға ерекше назар аударады. Оқытушы-профессорлар құрамының штат саны шамамен 2,9 мыңды құрайды, оның ішінде 1,2 мыңнан астам докторлар мен ғылым кандидаттары және 350-ге жуық PhD докторлары.

Университет профессорларының арасында Ұлттық ғылым академиясының 10 академигі мен 7 корреспондент-мүшесі, ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың 14 лауреаты бар.

Университеттің 400-ден астам оқытушысы «ЖОО-ның үздік оқытушысы» грантының иегерлері, бұл республика  бойынша алғанда 20%-ды құрайды. Грант аясында оқытушылар әлемнің жетекші университеттері – Гарвард, Йель, Стэнфорд, Берклидебіліктілік арттырды. Халықаралық конференцияларға қатысып, монографиялар мен оқулықтар шығарды. Университеттің 40-тан астам профессоры Венгрия, Германия, Моңғолия, Франция, АҚШ, Ресей, Түркия, Өзбекстан және басқа елдердің университеттерінде дәріс оқыды.

Оқытушыларды материалдық ынталандыру мәселелеріне көп көңіл бөлінеді. Мәселен, ағымдағы жылдың өзінде жалақы екі рет көбейді. Бірінші рет ақпан айында 20%-ға, екінші мәрте Білім және ғылым Министрінің нұсқауына сәйкес 1-қыркүйекте көбейтілді. Енді оқытушылардың ең төменгі жалақысы 285 мың, аға оқытушы үшін – 312 мың, доцент үшін – 389 мың, профессор үшін – 500 мың теңге.

Жалпы алғанда, университет елдегі грант иегерлерінің жалпы санының шамамен 7%-ын қабылдады. Әлемнің 50 елінен 2,4 мыңға жуық шетелдік студенттер білім алуда. Біз 2025 жылы шетелдік студенттердің үлесін 25% -ға дейін жеткізу міндетін қойдық. Бұл мақсатқа жету үшін  Түркияда, Қырғызстанда, Өзбекстанда, Арменияда филиалдар ашылады.

Сондай-ақ, біздің университетте оқуды талантты жастар көбірек таңдауда. Егер өткен жылы «Алтын белгі» иегерлер саны 508 болса, осы жылы - 1058 яғни 2 есеге көбейді. Біздің түлектер республика  және шет мемлекеттер бойынша ең көп сұранысқа ие. Түлектердің жұмысқа орналасуы орта есеппен 94% құрайды. 2021 жылы біз әлемдегі ең жақсы университеттердің QS рейтингісінде түлектердің жұмысқа қабілеттілігі бойынша үздік 201-250-ге кірдік. «Жұмыспен қамтылған түлектердің үлесі» көрсеткіші бойынша университет әлемде 55 -ші орында.

Биыл халықаралық стандарттарды ескере отырып әзірленген жаңа үлгідегі дипломдар алғаш рет берілді. Бұл қадам университеттің беделі мен имиджін одан әрі арттырады.  650-ден астам білім беру бағдарламалары іске асырылуда, олардың 120-сы АҚШ, Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азия, Ресей Федерациясының жоғары оқу орындарымен бірлескен қос дипломды бағдарламалар. 

92 бағдарлама ағылшын тілінде жүзеге асырылады. Жыл сайын білім берудегі перспективалық трендтерді ескере отырып, білім беру бағдарламаларын өзектендіру жүзеге асырылады. Осылайша, ағымдағы жылы 100-ден астам жаңа білім беру бағдарламасы іске қосылды.

Жаратылыстану-ғылыми және инженерлік-техникалық бағыт бойынша: неврология, киберфизика, цифрлық экономика, биологиялық инженерия, робототехникалық жүйелер, басқарудың зияткерлік жүйелері, экологиялық инженерия, табиғи-техногендік тәуекелдер және т. б.

Бүгінде университет еліміздегі ғылыми жобалар мен ғылыми жарияланымдар саны бойынша көшбасшы. Рейтингтік басылымдардағы әрбір бесінші қазақстандық жарияланым университетке тиесілі. Университеттің 5 ғылыми журналы Халықаралық деректер қорына кіреді. Еліміздің ғылыми-техникалық дамуының маңызды басымдықтары бойынша жалпы бюджеті 7,7 млрд теңгеден асатын 500-ге жуық ғылыми жоба іске асырылуда. Біздің ғалымдар 400-ден астам патенттер мен авторлық куәліктерге ие болды.

Жас ғалымдарды қолдау жүйесі жұмыс істейді, «ҚазҰУ-дың Үздік жас ғалымы» конкурсы өткізіледі. Жыл сайын 15-ке жуық қызметкер жас талантты ғалымдарға арналған  мемлекеттік ғылыми стипендияның иегері атанады. Университет басымдықтарының бірі білім алушыларды әлеуметтік қолдау болып табылады. Әлеуметтік осал санаттағы мыңнан астам «өте жақсы» және «жақсыға» оқитын студенттер, жоғары спорттық жетістіктері үшін оқу ақысына 10-нан 25%- ға дейін жеңілдік алады.

Сондай-ақ дарынды студенттерді қолдау үшін демеушілік қаражатты белсенді түрде тартамыз. Демеушілеріміздің қатарында 650 білім алушыға стипендия төлейтін 50-ден астам ұйымдар мен компаниялар бар.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері қазақстандық және халықаралық спорт аренасында белсенді өнер көрсетуде. Токио Олимпиадасында студенттер мен түлектер 4 қола медаль алып келді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – бұл студенттер қаласы. Мұнда республиканың барлық өңірлерінен келген жастар оқиды. Кампус аумағында толыққанды білім беру мен бос уақытты өткізуге арналған тұтас кешен жұмыс істейді: жаттығу залы, спорт алаңдары және секциялары бар спорт кешені, Студенттерге арналған білім беру, медициналық және әлеуметтік-тұрмыстық қызметтер көрсететін «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы, 300 орындық интернет-кафе,  сондай-ақ жеке кинотеатр бар.

Қазіргі уақытта 7 оқу корпусында сыртқы мердігерлерді тартпай университет қызметкерлері жөндеу жүргізді. 3 оқу корпусында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуда.

Жоғары білім мен ғылымның сапасын арттыру алдыңғы қатарлы білім беру-ғылыми инфрақұрылымды құруды талап ететінін атап өту қажет.

Сондай-ақ, шамамен 70 000 м2 қосымша аудиториялық қор мен зерттеу зертханаларына қажеттілік бар. Осыған байланысты қазіргі оқу корпустарын түбегейлі жаңғырту және жаңаларын салу талап етіледі. Үшіншіден, 2,5 мыңнан астам оқытушылар мен қызметкерлер тұрғын үйге мұқтаж.

Жоғарыда аталған мәселелерді шешу мақсатында Кампусты дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған жұмыс жоспары әзірленді, оған мыналар кіреді: жатақханаларды қайта құру және салу; оқу корпустарын қайта құру және салу; қызметтік тұрғын үй құрылысы.

Аталған мәселелерді шешу үшін университет ҚР БҒМ «Қаржы орталығы» АҚ-мен бірлесіп жатақханалар салу үшін әлеуетті инвесторларды тарту бойынша жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ, қаржыландырудың түрлі тетіктері қарастырылуда және сыртқы инвестицияларды тарту жоспарлануда.

Университет ректоры сөзін қорытындылай келе «Қазіргі уақытта университет ұжымы жоғары білім мен ғылымның сапасын арттыру бойынша стратегиялық міндеттерді шешуге ұмтылуда. ҚазҰУ-дың одан әрі дамуы еліміздің адами капиталы мен ғылыми-технологиялық әлеуетін күшейтуге ықпал ететін болады» деп атап өтті.

Университет басшылығының баяндамасынан соң студенттер, оқытушылар мен БАҚ өкілдері өздерін толғандырған сауалдарына жауап алды. Кездесу қорытындысы бойынша бірқатар мәселелерді басшылық бақылауына алды және келіп түскен барлық ұсыныстар өз деңгейінде қаралатын болады.