Жалпы, алдағы 3 жылда Алматы қаласында 8 мың орынға шақталған 8 білім ордасы бой көтермек. Ол мектептер негізінен Алатау, Әуезов және Наурызбай аудандарында салынғалы жатыр.
Ал, қалада биыл орта білім шаңырағынан 8 мыңнан астам оқушы түлеп ұшты. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қаладағы мектептің біріне барып, жас түлектерге ақ жол тіледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматыдағы «Жаңа ғасыр» №175 гимназиясы 12-ші шәкірттерінің алдағы үлкен өмірлеріне ақ жол тілеп,қимастықпен шығарып салды. Жиынға қала әкімі Бауыржан Байбек қатысып, түлектерге ақ жол тіледі. Айта кетейік, осы жылы аталған білім ордасынан 57 түлек түлеп ұшты. Оның 10-ы алтын белгі, 16-сы үздік аттестатқа үміткер. Бұл оқушылардың көбі облыстық, республикалық, халықаралық деңгейде өткен пәндік олимпиалардан озық шыққандар.
«Бұл мектеп аз ғана жылдың ішінде көптеген жүлделерге қол жеткізіп, биіктен көрінді. Бұл ең алдымен ұстаздардың еңбегі, екіншіден, әрине оқушылардың еңбегі. Қазір ғана біз мектепті аралап, кабинеттерді қарап шықтық. Өздеріңіз білесіздер, Елбасымыз бізге қазақ күресін дамытуды тапсырды. Елімізде сол қазақ күресі арқылы қаншама қарапайым қазақ балалары бауан атанып, әлемге танылып жатын. Бұл мектепте балалардың спортпен шұғылдануға жақсы мүмкіндік жасалыпты, соған қуандым», – дейді қала әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Еліміздің тұңғы Олимпиада және Әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтың 3 немересі де осы мектепте оқиды екен. Ал, жалпы гимназияда 1 мың 640 оқушы білім алып жатыр.
«Гимназияда жалпы 104 білікті маман жұмыс істейді. Мұғалімдеріміздің барлығы шығармашылықпен айналысады. Олардың ішінде авторлық бағдарламаның иегерлері, түрлі бағдарламаның иегерлері болып жатады. Және тағы да мақтанышпен айта кететін нәрсе біздің оқушыларымыз ұлттық бірыңғай тестіден жылда жоғарғы көрсеткіш көрсетіп отырады. Былтырғы оқу жылының қорытындысы бойынша 119,6 балл көрсеткіш көрсетіп отырмыз», – дейді Алматы қаласы №175 «Жаңа ғасыр» гимназия директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Жазира ҚАРАТАЕВА.
Ораз Жандосов атындағы №105 гимназия үшін де бүгін – ерекше күн. Меценаттар білім ошағына 300 орынға шақталған қосалқы нысан салып берді. Осының арқасында заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған 15 кабинет пайда болды.
«Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен мектебіміз кеңейіп отыр. 1900 шаршы метрді құрайтын қосалқы нысанда 15 жаңа бөлме құрылады. Құрылыс 2018 жылдың 18 наурызында басталды», – дейді Алматы қаласы Ораз Жандосов атындағы №105 гимназияның директорының Әлия САНДЫҚБАЕВА.
Жалпы соңғы 3 жылда 6 мектепке қосалқы нысан салынған. Осы жылы тағы екі білім ошағында қосымша оқушыларға арналған орын тұрғызылады. Соңғы 5 жыл ішінде білім саласын қаржыландыру екі есе өскен. Қаладағы орта оқу орындары толығымен физика, химия, биология және мультмедиялық кабинеттермен қамтылған. Сондай-ақ робототехника саласын меңгеретін оқушылар қатары арта түспек.
Перизат Көмекбайқызы, Өмір Ануарбек, «Алматы» телеарнасы