Аймағамбетов бала сабағына араласпайтын ата-аналарға қандай кеңес берді

17.08.2022 21:55

Министр балалардың үлгеріміне әсер ететін факторларды атап өтті

almaty.tv

Нұр-Сұлтан қаласында «Саналы ұрпақ – ұлт болашағы» атты Республикалық Тамыз конференциясы өтті. Шараны «Сенімен Болашақ» Республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясымен бірлесіп ұйымдастырды. Конференцияға еліміздің барлық облыстарынан 800-ге жуық белсенді ата-ана қатысып, өз ойларын ортаға салды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Шара барысында Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов бала сабағына көңіл бөлмейтін ата-аналарға кеңес берді.

"Бізде әртүрлі зерттеулер бар. Оның ішінде балалардың үлгерімін анықтайтын TIMSS зерттеуі бар. Сондай-ақ PISA атты халықаралық зерттеу бар. 2019 TIMSS зерттеуімен 4-сынып оқушыларының үлгерімін қарадық. Сонда олардың үлгеріміне қандай факторлар әсер етті деген сұраққа жауап іздедік", - деді министр.

Асхат Аймағамбетов зерттеу нәтижесінде орташа есеппен алғанда үйдегі ата-аналары балаларына көмектесіп, балаларының оқуына араласатын отбасында бағалары әлдеқайда жоғары болғанын, ал бала сабағына кіріспейтін, оған немқұрайлы қарайтын ата-аналардың балаларының орташа бағасы төмен болатынын мәлімдеді. Осы факторларды атай келе, министр баланың кәсіби жетістікке жетуі үшін ата-аналарға олармен бірге кітап оқыңыздар, білім алуға деген жағдайды толықтай жасаңыздар деп кеңес берді.