Биыл Алматыда 8 мыңнан астам оқушы мектеп бітірді
Бүгін 11 жыл бойы мектепте үздік оқып, жүзден жүйрік шыққан алматылық түлектерге «Алтын белгі» табысталды. Биыл мұндай марапатқа қаланың 478 оқушысы қол жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Салтанатты шара барысында қала әкімі Бауыржан Байбек түлектерді арнайы құттықтап, алдағы Ұлттық бірыңғай тестіден сүрінбей өтулерін тіледі. Содан соң оларға өз қолымен «Алтын белгі» тақты.
«Құрметті біздің балаларымыз, жастар! Сіздер 11 жыл бойы күн сайын еңбек етіп, осы күнге жеттіңіздер. Әрине, бұл – сіздердің үлкен жетістіктеріңіз. Болашақта мемлекет тізгінін қолға алатын – мына сіздер. Сондықтан барлығымыз сіздердің бақытты болғандарыңызды қалаймыз. Біздің қаламыз – жайлы қала, әдемі қала. Алматы сияқты қала дүниежүзінде жоқ. Оны сіздер білесіздер деп ойлаймын. Сондықтан болашақта да сіздер қаламыз үшін, еліміз үшін нәтижелі жұмыс істейсіздер әрі өздеріңіз де сол арқылы бақытты боласыздар деп сенеміз», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Биылғы оқу жылында Алматыда 8 мыңнан астам оқушы мектеп бітірді. Қазір олардың барлығы дерлік Ұлттық бірыңғай тестіге қызу дайындалып жатыр. Осы тұста қала әкімі де «Алматыда білім беру саласын дамытуға үлкен көңіл бөлінеді» - деп атап өтті. Бұған былтыр Ұлттық бірыңғай сынақ бойынша Алматы қаласының рекордтық көрсеткіштермен көзге түскендігі дәлел бола алады. Мәселен, былтырғы тестілеуде ең жоғарғы балды Алматы қаласының түлегі Шиара Құдайбергенова алған болатын. Ұстаздар қауымы биыл да мұндай нәтиже қайталанады деген сенімде. Сондай-ақ, мегаполис оқушылары республикалық және ғылыми жарыстардағы жүлделердің саны бойынша да ел аумағында көш бастап тұр.
«Бүгін өте қуанышты күн, бір түрлі толқып тұрмын. Ата-анам да, барлық «Алтын белгі» иегерлері де толқу үстінде. Біздің болашаққа құрған мақсатымыз өте үлкен. Бүгінгі күн – сол ауқымды арманымыздың бастауы, үлкен өмірдің бірінші қадамы», – деді «Алтын белгі» иегері Айдана ЖҰМАХАН.
«Биылғы түлектердің барлығына сәттілік тілеймін. Болашақта мен өзім Қазақстанға қызмет ететін дәрігер болсам деп армандаймын», – дейді «Алтын белгі» иегері Ермұрат МҰҚАТАЕВ.