Елімізде жаңа оқу жылына неше мектеп дайын емес

Almaty.tv
Almaty.tv
Биыл 52 жаңа мектеп ашу жоспарланған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еліміздің 66 мектебінде биыл алғашқы қоңырау соғылмауы мүмкін. Жаңа оқу жылының басталуына екі-ақ апта қалса да, нысандарда жөндеу жұмысы әлі бітпеген. Ал 18 білім ошағының құрылысы келер жылға қалды. Бұл туралы еліміздің бас мұғалімі айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Елдегі еденінен шатырына дейін жаңаланып жатқан 66 мектепте құрылыс жұмысы әлі аяқталмаған. Бас мұғалімнің айтуынша, Ақмола, СҚО мен Павлодардағы нысанның көбінде шаруа шатқаяқтап тұр. Аталған өңірдегі оқушылар осы маусымда қайда білім алары белгісіз.

– 260 мектептің күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп жатқаны белгілі. 194 білім ордасы 1 қыркүйекке дейін берілуі көзделген. Бірақ күнделікті жүргізіп отырған мониторинг арқасында 14 мектептің жөндеу жұмысы қыркүйекке дейін бітпей қалу қаупі бар. Біз қазір әкімдіктерге қолға алуды айтып отырмыз, – деді ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Бас мұғалім бітпей қалады деп бас қатырып отырған білім ошақтары биыл ашылуы тиіс болған. Жоспарланған 52 жаңа мектептің 15-і уақытында ашылмай қалуы мүмкін. Елде онсыз да мектеп тапшы. Сабаққа санаулы күн қалғандағы жауаптылардың жұмысына Үкімет басшысы сын айтты. Мердігерлер сылбыр қимылдап жатқан өңірлерде шұғыл іс-шара қабылдауды тапсырды. Оқушылардың таза әрі бояуының иісі жоқ сыныптарға жайғасуын қамтамасыз етуді міндеттеді.

– Барлық білім беру нысаны оқу жылының басталуы 100 пайыз дайын болуы керек. Оқу-ағарту министрі және өңір әкімдері осы мәселені тікелей бақылауға алуы қажет. Әкімдіктер көмекке мұқтаж отбасыларды мектепке қажетті заттармен қамтамасыз етуі тиіс. Шалғай ауылдарда мектеп жәрмеңкелері мен көшпелі автодүкен ұйымдастырылсын, – деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.

Жыл сайын жыр болған үш ауысымды мектеп мәселесі тағы бар. Биылғы оқу жылында 65 мың 600 оқушыға жаңа орын ашылмақ. Министр «12 апаттық және 29 үш ауысымды мектеп мәселесін шешеді» деп сендірді.

Үкімет отырысында оқушының сапалы білім алуы ғана емес, қауіпсіздігі де сөз болды. Премьер-министрдің айтуынша, қазір елдегі мектептердің басым бөлігі бала амандығына атүсті қарап келеді. Білім ошақтарының 30%-дан астамы әлі күнге дейін полицияның жедел басқару орталығына қосылмаған. Алматы, Атырау және Қарағанды облысында жұмыстар күн тәртібінен түсіп қалған көрінеді.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда қандай білім ордасына қауіпсіздік жүйесі орнатылады

Новости партнеров