Жылыойлық шаруалар кен орындарын барлау кезінде қазылған су ұңғымаларының жабылуына қарсы. Олардың айтуынша, жер астынан атқылаған тіршілік нәрі ұзақ жылдан бері шаруашылықтардың өзегіне айналған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Амангелді Дәулетбаев ұзақ жылдар бойы мал шаруашылығымен айналысып келеді. Оның айтуынша, ауданда су мәселесі өте өзекті. Шаруалар төрт түлігін бұрқақтан аққан тіршілік нәрімен суаруға мәжбүр.
– Егін, мал суарып отырмыз. Бұрқақты жаппағанын қалаймыз, – деді шаруа Амангелді Дәулетбаев
50-ге жуық қожалық осы бұрқақтардың арқасында күнелтіп отыр. Аудандағы төрт түліктің тең жартысы ұңғыманың суына тәуелді.
– Малды осы жерде суғарамыз. Ал ауыз суды Құлсарыдан тасып ішеміз, – деді шаруашылық жетекшісі Боранбай Оралбаев
Шаруалардың базынасынан кейін ауданда жұмысшы топ құрылып, арнайы барлауға шыққан. Олар Жылыой аумағынан 70 гидрогеологиялық фонтанды анықтаған. Жауаптылар жабылған ұңғымалардың белгілі бір бөлігін ашпаса, мәселе одан бетер ушығатынын айтады.
– Ұңғымалар жабылса, шаруашылықтардың жұмысы тоқтайды. Аудандағы мал басы азаяды. Өз-өзін жұмыспен қамтып отырған шаруалар жұмыссыз қалады. Ауданның экономикалық-әлеуметтік жағдайы түсіп кетеді, – деді Жылыой аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұртас Қуатбаев
Қазір Атырау облысында 180 гидрогеологиялық ұңғыма бар. Соның 177-сі Жылыой аумағында. Олардың бір бөлігі өткен ғасырдың 50 жылдарында, қалғаны кейінірек бұрғыланған. Тәулігіне 60 мың текше метр су ағады. Жұмысшы топ облыс әкімдігіне қолданыстағы су ұңғымаларының тізімін берген. Қазір жауаптылар оларды мемлекет меншігіне өткізу жайын қарастырып жатыр.
Ұлағат Арғын, Нұрбек Шәден, «Алматы» телеарнасы, Атырау облысынан