Мақсат – дарынды жастардың елден кету проблемасын шешу
Қазақстанда шетел университеттерінің филиалы ашылуы мүмкін. Мақсат – дарынды жастардың елден кету проблемасын шешу. Ол туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Мамин айтты. Оның сөзінше, отандық университеттердің де білім беру бағдарламалары кәсіби стандарттардың негізінде 100 пайыз жаңартылады. Бұл түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттырмақ, деп хабарлайды Almaty.tv.
«20 отандық жетекші жоғары оқу орны өңірлердің өсу нысанасы болады. Назарбаев университетінің тәжірибесі бойынша инновациялар мен жаңа технологияларды дамытумен айналысатын екі озық жоғары оқу орны құрылады», – деді ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин.
Ал, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов пандемия салдарынан болған оқу сапасының кемшіліктерін жою үшін арнайы бағдарлама жүзеге асырылатынын мәлімдеді.
«Оқулықтардың құрылымы мен мазмұнына қойылатын бірыңғай талаптарды бекітеміз. Сарапшыларға курстар ұйымдастырылады, арнайы базасы қалыптастырылады. Үлгерім деңгейі төмен оқушыларға басымдық бере отырып, білімді қалпына келтіру шаралары жасалады», – деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов