Алматы қаласы Көкжиек ауданындағы №177 мектепте тұсаукесері болды
Елімізде алғаш рет мектеп жанынан көкөністер мен жемістер өсіруге арналған жылыжай ашылды. Енді оқушылар биология пәнінен алған теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде іске асыруға мүмкіндік алады. Бүгін №177 жалпы білім беретін мектепте сондай жылыжайлардың бірінің тұсаукесері өтті. Болат Өтемұратов қорының есебінен қолдау тапқан «Жасыл мектептер» жобасы Алматының 16 мектебінде іске аспақ. Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатсын.
Бүгін Көкжиек ықшамауданында орналасқан №177 мектепте жылыжайдың тұсаукесері өтті. «Жасыл мектептер» жобасы елімізде алғаш рет бастау алып отыр.
«Жобаны алдымен Алматыда ұйымдастыруды жөн көрдік. Жалпы, бұл көп жылдық бағдарлама. Әзірге еліміздің үш қаласында жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Келесі жылы Шымкентте - 20, 2023 жылы Нұр-Сұлтанда тағы 20 жылыжай орналасады», – деді Б. Өтемұратов қорының директоры Марат Айтмағанбетов.
Жылыжайда балалар өсімдіктер әлемімен танысып, түрлі зерттеулер жүргізе алады. Сондай-ақ, көкөністер, жидектер мен көк шөптерді өсіруді үйренеді. «Бұл оқушыларды ерте жастан эко-мәдениетке баулып, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға дағдылануға ықпал етеді» дейді мамандар. Сондай-ақ, жас фермерлерді тәрбиелеп шығару да үлесін қосады.
«Қаланың балалары мен ауыл фермерлерінің арасында үздіксіз жол салғымыз келеді. Қазір бүкіл әлемде фермерлердің жасының ұлғаюы деген проблема тұр. Сондықтан біз өз тарапымыздан осы балаларды оқыту арқылы өз үлесімізді қосқымыз келеді», – деді «Еңбекшіқазақ аудандық жергілікті қауымдастықтар қорының» атқарушы директоры Бақытгүл Елшібаева.
Мұнда тамшылатып суару, жылыту және жарықтандыру жүйелері автоматты құрылғылармен жабдықталған. Жаңа оқу жылында қаладағы 16 мемлекеттік мектептің оқушылары жылыжайда факультативті сабақтар өткізе бастайды.
«Осы жылыжай ашылғанына өте қуаныштымын. Біз жеміс-жидектер, көкөністер жейміз. Бірақ біз олардың қалай өсетінін, қала жеміс беретінін білмейміз. Сондықтан енді біз өз қолымызбен өзіміз егіп, өзіміз күтіп-баптап жемісін көре аламыз», – деді 6-сынып оқушысы Мөлдір Әбен.
Айта кетейік, бағдарламаны толық пайдаға асыру үшін қордан 2 млн АҚШ доллары жұмсалмақ.
Назкен Еркін, Сағынғали Мұңайтпасов «Алматы» телеарнасы