Өскелең ұрпақты мамандыққа баулып, еңбекке ынталандыру мектеп қабырғасынан басталуы керек, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
28 ақпанда Алматыдағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы №123 мектеп-гимназиясында осы тақырып төңірегінде қалалық семинар өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай әдіс өзге мемлекеттерде бұрыннан бар. Еліміздің білім ордаларында осы тәсіл ертерек қолға алынса, оның оқушылар үшін маңызы зор болмақ.
Қалалық іс -шара аясында мектепте түрлі мамандықтар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Олардың қатарында сұранысқа ие саладан бастап, кейіннен шыққан нанотехнология мен мобилографияға дейін бар. Ұстаздарымен зерттеу жүргізген оқушылар логистика бағытын алдағы 10 жылдықта бұрын-соңды болмаған жаңашылдықтар күтіп тұрғанын айтады.
- Логистика саласы қазіргі таңда атап өткеніміздей 3 бағыт бойынша жүргізіледі. Олар: авто, контейнермен және ауе. Менің ойымша, болашақта логистиканы адамдар тасымалдамайды. Яғни, жүк робототехника арқылы тасымалданады деген болжам бар, - дейді Қожа Ахмет Яссауи атындағы №123 мектеп-гимназиясының оқушысы Арай Дабырбек.
Оқушылар арасында болашақта кәсіпкер болуды армандайтындар да бар. 7-сынып оқушысы Нұрсұлтан Нұрлан аталған саланың қай бағытын жүргізетінін бүгіннен анықтап қойған.
- Ал кәсіпкерліктің ішінде мен көзілдірік сатуды таңдадым. Көзілдірікті сату жылдың 4 мезгілінде де тиімді. Оның жастар мен қарияларға да пайдасы өте мол, - дейді Қожа Ахмет Яссауи атындағы №123 мектеп-гимназиясының оқушысы Нұрсұлтан Нұрлан.
Алматыдағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы №123-інші мектеп-гимназиясында оқушыларды 4-ші сыныптан бастап болашақ мамандығын таңдауға үйрету қолға алған. Білім ошағы балаларды таңдаған бағытына қарай тереңдетіп оқытады. Бұл шет мемлекеттерде кеңінен қолданылатын тәжірибе, - дейді ұстаздар.
- Қандай мамандық ұнайды, сол мамандықтың ішіндегі өзің ұнанатын кейіпкерлер деген сияқты тақырыпта балалармен әңгіме сұхбат жүргізе отырып, ерте жастан олардың ойын-өрісін дамытамыз. Бала 9-сыныпта нақты қай мамандықтың иесі екендігін анықтап шығуы керек. Біздің мақсат осы, - дейді Қожа Ахмет Яссауи атындағы №123 мектеп-гимназиясының директоры Бағила Әшімбаева.
Мектепте бастауыш сынып оқушылары біріңғай ұлттық нақышта киім киюді қолға алған. Бастама - ұстаздар мен ата-аналардың ортақ шешімі болыпты. Одан бөлек, кіреберісте балалардың логикалық ойлау қабілетін дамытатын түрлі ойындар бар. Бұл оқушылардың сабақ арасындағы үзіліс кезінде уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді.
Ұлағат Арғын, Медет Саматұлы, "Алматы" телеарнасы