Білім және ғылым министрлігінің вице-министрі Эльмира Суханбердиева Үкіметте өткен баспасөз мәслихаты кезінде сабақтан көп қалатын балалардың ата-анасы енді әкімшілік айыппұл төлейтінін мәлімдеді. Айыппұл мөлшері 7 575 теңгеден басталады, деп хабарлайды NUR.KZ.
«Білім туралы» заңда балалар алатын білім үшін ата-ана жауапты екені жазылған. Сондықтан егер бала бір күн бойы сабаққа қатыспаса, онда біз алдымен бұл мәселені кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі комиссиямен тексереміз, содан кейін прокуратураның көмегімен іс сотқа жіберіледі», - деді Эльмира Суханбердиева.
Содан кейін іс әкімшілік сотта қаралады екен. Заңда ата-ана міндетін дұрыс орындамағаны үшін айыппұл қарастырылған.
«Оның мөлшері 3 АЕК-тен басталады. Осы орайда бізде кәмелеттік жасқа толмағандар ісімен айналысатын комиссия бар. Мұндай балалардың саны әрдайым біздің бақылауда. Бірақ олар үшін ата-аналар жауап береді, тіпті ата-ана құқынан айырылулары да мүмкін», - деп сөзін қорытындылады вице-министр.