Бұдан былай қазақстандық студенттердің кәсіби тәжірибесі жұмыс өтілімі ретінде саналатын болады
Бұдан былай қазақстандық студенттердің кәсіби тәжірибесі жұмыс өтілімі ретінде саналатын болады. Студент колледжде теориялық білім алып, мамандығы бойынша жұмыс орындарына жіберіледі. Дуалды білім беру жүйесінің өзгешелігі неде? Тәлімгерлерге жауапты мамандар не дейді? Оны Almaty.tv тілшісі Оразай Нұртайдан білсек.
Студенттер дипломдарын ала салып, мамандық бойынша бірден жұмысқа орналасып кетуі қиын. Жұмыс орындары да оқуын енді тәмәмдаған студенттен жұмыс өтілімін талап етеді. Бұл факторлар елдегі жұмыссыздық санын да арттырды. Осыған орай Білім туралы заңға өзгерістер енгізілді. Ендігіде колледж студенттері дипломын алмай тұрып, мамандықтары бойынша біліктілігін практика барысында шыңдайды. Кәсіби тәжірибесіне кеткен уақыты жұмыс өтілімі ретінде есептелетін болады. Қазіргі таңда елімізде 535 колледж дуалды білім беру жүйесіне көшті.
«Осы қаладағы ірі кәсіпорындармен дуалды оқыту жүйесінде келісім-шартқа отырып, үш мамандық бойынша осы жүйеге көшіп жатырмыз. Бірінші мамандығымыз – қонақ үй шаруашылығы, туризм мамандығы бойынша, тігін өндірісі және үлгілеу мамандығы бойынша үш мамандықты дуалды жүйеде оқытып жатырмыз», – деді Алматы мемлекеттік сервис және технологиялар колледжінің директоры Жарқын Жаниязова
Студенттерді қабылдайтын кәсіпорындармен де келісімшарт жасалды. Бүгінде келісімшарт бойынша 5 мыңнан астам кәсіпорын 58 мың 600 студентті жұмыспен қамтыған. Сондай жұмыс орнын ұсынушылардың бірі тігін цехына жоғары деңгейде білім алған жастарды қабылдапты.
«Біз студенттерді міндетті түрде өзімізге шақырамыз. Себебі бізге өз жұмысына жаңа көзқараспен қарайтын мамандар қажет. Сол үшін колледж студенттерін кәсіби тәжірибеге қабылдаймыз. Шеберлігімен көзге түскендерге жұмыс орнын да ұсынамыз», – деді тігін цехының конструкторы Надежда Попова
Дуалды оқытуға барлық мамандықтар ұсынылмайды. Теория мен тәжірибені ұштастыратын білім жүйесіне қандай мамандықты енгізу керегін колледж өздері шешеді. Өз мамандығы бойынша кәсіби тәжірибеден өткен студент оқуын аяқтағаннан кейін дипломмен бірге қосымша құжат алады. Сол құжат жаңа кәсіби маманның жұмыс өтілімін растайтын болады. Дуалды оқыту жүйесі өз ретінде жұмыссыздықпен күресудің оңтайлы жолы болып отыр дейді мамандар.
Оразай Нұртай, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы