Биыл адамзат баласының ғарышқа ұшқан тарихи сәтіне 60 жыл толды. Атаулы күнге орай жасөспірімдер арасында халықаралық «Kazakhstan Smart Space» байқауы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Командалық топпен сынға түсетін мектеп оқушылары мен студенттер аэроғарыш тақырыбында макеттер жасауы тиіс. Конкурс барысында олардың ғарыш техникасына мән беруі мен 3D форматында құрастырып шығуы ескеріледі.
Бүгінге дейін байқауға 50-ден астам өтінім келіп түскен. Олардың арасында өз елімізден бөлек, Қырғызстан және Ресей елінен де қатысушылар бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, конкурсқа өтінім қабылдау уақыты шектеулі.
«Конкурсқа қатысушылар арасында 7 жастағы баладан 22 жасқа дейінгі студенттер де бар. Байқау қорытындысы 8 сәуір күні жарияланады. Сол күні еліміздің және көрші елдердің үздік деп танылған макеттерін тамашалай аласыздар. Конкурсқа өтінім қабылдау 15 наурыз күні аяқталады», - деді «Қазғарыштың» «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ басқармасының төрағасы Марат Нұрғожин.
Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған байқау биыл алғаш рет өткізіліп отыр. Ұйымдастырушылар конкурс өз нәтижесін берсе, оны жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдырмақ ниетте. Жеңімпаздар ақшалай сертификаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталмақ.
«Байқау әсіресе, мектеп оқушылары үшін таптырмас мүмкіндік. Себебі оқ бойы озық шыққандар жоғары оқу орнына түсу барысында түрлі жеңілдіктерге ие болады. Ал студенттер өз шығармашылығын дамытып, әлемдік деңгейдегі байқауларға жолдама алады», - деді «Қазақстандық жобаларды басқару институты» ҚҚ басқарушы серіктесі Владимир Затолокин.