Ұстаз ұлағаты

Ұстаз ұлағаты
«Халық ағарту ісінің үздігі» Қазына Аймағамбетқызы жайында
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ұстаздық – бүкіл әлемдегі мамандықтардың анасы. Себебі ол бізді білім деген ғажайып әлемнің тұңғиығына жетелейді. Сол әлемнен өмірімізге рухани күш аламыз. «Ұстазы жақсының   ұстамы жақсы» дейді халық даналығы, ұстаз атаулының бейнетке толы  еңбегі,  игілігі мол ісі – шәкірттерінің білімімен, қол жеткізген жетістігімен таразыланып жатады. Білім – деген айдыннан адастырмай алып шығатын да ұстаз екені анық.

Адамзат  өркениетіндегі ең басты құндылық – білім десек, бақытын білім беру ісінен тауып, саналы ғұмырын осы салаға арнаған, педагогика ғылымдарына зор үлес қосқан, майталман маман, ұлағатты ұстаз, тәжірибелі тәлімгер – Қазына Аймағамбетқызының еңбегін ерекше атап өткен болар едік. Адамның бойындағы ізгі қасиеттер туралы айтқанда аяулы ана, қадірменді ұстаздың алғаш боп ойға оралары да  анық. Оны білетін әрбір жан, оның адамгершілік қасиеттерін тізбектеп айта жөнелсе, сол қасиеттерімен айналасындағы барша жанды шамның жарығы тәрізді тарта жүретін кеңпейілділігі тағы бар. Асыл жар, аяулы ана, қадірлі әже бола біліп, үйдің де, түздің де шаруасын дөңгелеткен ұлағатты ұстаз, бүгінде   ғылым саласына да өзіндік үлесін қосқан қоғам қайраткері.

Қазына Аймағамбетқызы 1936 жылы Ақтөбе облысы, Ырғыз ауылында дүниеге келген. 1953-1957 жылдары  Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының география факультетін үздік тамамдайды.

Еңбек  жолын 1960-1980 жылдары Ы. Алтынсарин атындағы  білім беру академиясынан бастайды. Академияда  қызмет ете жүріп, Алматыдағы №2 мектеп-интернатта сабақ беріп, ғылым мен мұғалімдік қызметті қатар ұштастырған  еңбекқор жанның білімі жоғары бағаланып, үнемі басшылық жұмыстардың басы-қасында жүру сеніп тапсырылады. Соның айқын дәлелі  Қазақ қыздарының қара шаңырағы атанған  Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде ғасырға жуық уақыт еңбек етіп, ұлт болашағының дамуына қосқан үлесі дер едік.

Қазына  Аймағамбетованың  1968  жылдан бастап Республикамыздағы ең алғашқы қазақ тілінде 2-сыныпқа арналған «Табиғаттану» оқулығының  авторы екендігі де баршаға мәлім. Сонымен қатар «Табиғаттану», «Дүниетану», «Айналамен таныстыру», «Қоршаған орта» т.б. аттармен жарық көрген 1-4 сыныптарға арналған жаңа буын оқулықтары (авторлар бірлестігінде және жеке) жарты ғасырға жуық уақыттан бері еліміздің барлық мектептерінде қолданылып келеді.

Тәжірибелі  маман 1970 жылы Ташкент қаласындағы Низами атындағы педагогикалық институттың диссертация қорғау Кеңесінде «Бастауыш сыныптарда Қазақстанның  тірі табиғатын оқыту» тақырыбында кандидаттық диссертациясын  қорғады. Ал, 1997 жылы «Бастауыш сыныптағы дүниетануды оқытудың теориялық және әдістемелік негізі» тақырыбындағы докторлық диссертациясын  Қазақтың Абай атындағы ұлттық педагогикалық институтының диссертациялық Кеңесінде қорғап шықты. Ғылыми зерттеу жұмыстарының негізгі мақсаты: бастауыш буында білім берудің әдістемесін және оқулықтар мен оқу-әдiстемелiк кешендерін жетілдіру мәселелерi; жоғары білім берудің әдістемесін жасау; студенттерге арналған оқулықтар мен көмекші оқу құралдарын жасап, жасөспірімдерді білім беруге керекті оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету бағытында болды.

Білікті ұстаз 1980-1984 жылдары Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің  «Мектепке дейiнгi педагогика» кафедрасында доцент, 1984-2001 жылдар аралығында 17 жыл бойы «Мектепке дейiнгi тәрбие және бастауыш білім» факультетiнiң деканы, 2001-2010 жылдар аралығында «Мектепке дейiнгi тәрбие және бастауыш бiлiм» кафедрасының меңгерушiсi қызметтерін абыроймен атқарды. Бүгінде аталған университеттің құрметті профессоры.

Ғылыми жұмыстарды жетілдіру мақсатында 2003-2004 оқу жылынан бастап орта бiлiм реформасына байланысты Республика бойынша 12 жылдық мектептiң бастауыш сыныптарына арналған «Мемлекеттік міндетті білім стандартын», «Қоршаған дүние» байқау оқулықтарын (1-4сыныптарға) және оқу-әдiстемелiк құралдарын дайындау мәселесiмен шұғылдану тобының құрамында жұмыс атқарды.

2004 жылы «Бастауышта дүниетануды оқытудың теориялық негiздерi» атты монографиялық еңбегі жарық көріп, Қазақстандағы бүкіл бастауыш сынып мамандарын дайындайтын оқу орындарында қолдануға енгізілді.

Өз кезегінде «Мектепке дейінгі және бастауыш білім» кафедрасы оқытушыларының  ғылыми дәрежелерін жыл сайын  көтеру мәселесіне тікелей басшылық етуінің нәтижесінде,   олардың 90 пайызы ғылыми атаққа ие болып отыр. Сондай-ақ педагог-әдіскер Қазақстан  мектептерінің бастауыш сынып мұғалімдерімен жиі кездесіп, қажетті мәселелерін шешуге де айтарлықтай үлес қосып отырады.

Бастауыш буында білім берудің әдістемесін және оқулықтар мен оқу-әдiстемелiк кешендерін жетілдіру, жоғары білім берудің әдістемесін жасау бағытында профессор Қ.Аймағамбетқызының басшылығымен 30 педагогика ғылымының кандидаттары, 3 ғылым докторы, бірнеше PhD докторлары дайындалды.  Профессор алыс-жақын шетелдердегі халықаралық, конференцияларға қатысып, үнемі өз тәжірибесімен бөлісіп отырады. Сонымен қатар, Венгр Халық Республикасы, Болгария, Моңғолия және Оңтүстік Кореяның мектептері мен жоғары оқу орындарында дәрістер оқыған. Қ.Аймағанбетқызының авторлығымен 2006 жылы студенттерге арналған «Дүниетануды оқытудың теориясы мен технологиясы» атты оқулық пен «Дүниетану негіздері және дүниетануды оқытудың теориясы мен технологиясы» атты оқу құралы жарық көрді. Бұл оқулықтар мен оқу құралдары да бұрын- соңды мемлекеттік тілде жарияланбаған еңбектер еді.

Ғылым мен білімге қосқан зор үлесі үшін Қ.Аймағамбетқызы екі рет «Халық ағарту ісінің үздігі» белгісінің, Ы.Алтынсарин медалінің, «Ғылымға сіңірген еңбегі үшін» белгісінің, ССРО оқу министрлігінің Мақтау грамотасының, «Құрмет»  орденінің және 2005 жылғы  «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» грантының иегері. 1998-2011 жылдар аралығында Қазақтың Абай атындағы Ұлттық университетінің математика-биология пәндері әдістемесі бойынша докторлық қорғау Кеңесінің мүшесі болды.

Ұлағатты ұстаздың  дәрістерін студенттер мен магистранттар қауымы қызығушылықпен тыңдайды. Себебі, сабақта көрнекіліктер, техникалық құралдар, модульдік және сын тұрғысынан ойлау технологияларын қолдану кең орын алады. Бүгінгі  таңда Қ. Аймағамбетованың авторлығымен 200-ден астам ғылыми және оқу-әдістемелік кешендер, жоғары оқу орындары мен мектепке арналған оқулықтар жарық көрген.  Қазақстан мектептері Қ. Аймағамбетованың авторлар бірлестігінде және жеке дайындаған бастауыш сыныптарға арнаған оқулықтары мен оқу әдістемелік құралдарын 1968 жылдан бері тиімді пайдаланып келеді.

Басшы, ғалым, ұстаз деген мәртебені абыроймен қорғап, шәкірттерін білім нәрімен сусындатып,  жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік, рухани бағыт-бағдар беріп, талай толқынды тәрбиелеген Қазына апай бақытын еңбектен тапқан жан. Өз бойындағы білімі мен білігін ұлт болашағын тәрбиелеуге арнаған аяулы жанның ғылым мен білімге сіңірген өлшеусіз еңбегін әріптестері де әрдайым жоғары бағалайды.

Сөз бен істің қасиетін ұғынған Қазына Аймағамбетова бүгінде мерейлі жасқа аяқ басып, елінің ыстық ықыласына бөленуде. Еңбегінің жемісін көріп, бейнетінің зейнетене жету, ұстаз-ұлағаты деген осы болсақ керек.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Д.Ж. Нөкетаева                                                                                                                                

Новости партнеров