Елімізде 1 сыныпқа қабылдауға неше өтініш түсті

06.06.2022 22:17

70 пайыздан астам бала мемлекеттік тілде оқуды таңдаған

Photo: saigez.kz

1 сыныпқа өтініштерді қабылдау 2022 жылғы 1 сәуірде басталып, 1 тамызға дейін жалғасады. Екі айдың ішінде балаларды 1 сыныпқа қабылдауға 250 мыңнан астам өтініш түсті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Білім және ғылым министрлігіне сілтеме жасап.

Азаматтарға ыңғайлы болу үшін қызмет автоматтандырылған. Құжаттарды қабылдау egov.kz порталы арқылы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ ата-аналардың өтініші бойынша құжаттарды дәстүрлі қағаз форматында да тапсыруға болады.

«Құжаттарды тапсыруда ата-аналардың белсенділігін байқауға болады. Биыл мемлекеттік тілде білім алғысы келетін 1-сынып балалары көбейді. Қазақ тілінде оқитын сыныптарға қабылдаудың ең жоғары көрсеткіші Маңғыстау (91%), Қызылорда (91,5%), Жамбыл (82,2%) және Атырау (80,1%) облыстарында тіркелді», - деді ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.

Жаңа оқу жылында 1-сыныпқа барлығы 400 мыңнан астам қазақстандық бала барады деп күтіліп отыр.


Теги: өтініш