Қазақ әдебиетінің антологиясы БҰҰ-ның 6 тіліне аударылды
Әлемдегі 2 жарым миллиард халық қазіргі қазақ әдебиетінің жауһарларымен танысуға мүмкіндік алады. Қазақ әдебиетінің антологиясы БҰҰ-ның 6 тіліне аударылды деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында аударылған кітаптар бүгін Алматыдағы Достық үйінде көпшілікке таныстырылды. Поэзия және проза жинақтарының тұсаукесеріне осы жобаға қатысқан Ұлыбритания, Испания, Франция, Ресей, Қытай және Мысыр аудармашылары мен әдебиетшілері және шығармалары «Қазіргі қазақ әдебиеті антологиясына» енген авторлар қатысты.
«12 сәуірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басталғанына 2 жыл толды. Осы жылдар ішінде Елбасы нақтылаған 6 жоба бойынша қыруар жұмыс атқарылды. Басты мақсат – қазақ мәдениетін шетелге таныстыру. Оның ішінде әдебиеттің орны бөлек. Әдебиет – өнердің шыңы, мәдениеттің алтын қазығы десек болады. Әр халықтың негізгі болмысын, дүниетанымын әдебиет арқылы таниды», - дейді ҚР Президенті әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы жауапты жұмыс тобының жетекшісі Аида Балаева.
Қазақ ақын-жазушыларының 2 томдық антологиясы ағылшын, орыс, араб, испан, француз және қытай тілдеріне аударылды. Бұл кітапқа қазақстандық 160 автордың таңдамалы шығармалары топтастырылған. Жоба – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір бағыты. Ал, оны жүзеге асырумен «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры айнасылуда.