Бұл жүйе білім сапасына кері әсерін тигізеді деп есептейді университет басшылары
Алматыдағы бірнеше университет ректорлары академиялық еркіндікті қажетсіз деп санайды. Өткен жылдың тамыз айында Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев университеттер оқу бағдарламаларын, жұмыс жүктемесін және еңбек ақысын төлеуді өз беттерінше әзірлей алатын жарлыққа қол қойған болатын. Алайда, мұндай еркіндік білім сапасы нашар жекеменшік жоғары оқу орындарының көбейіп кетуіне алып келуі мүмкін деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. Оған қоса оқу жоспарында да айтарлықтай өзгеріс бола қоймайды дейді сарапшылар.
«1990-2000 жылдары елімізде либералды реформалар болды. Сол кезде академиялық еркіндік болатындай карт-бланш берілді. Содан кейін жоғары оқу орындары қаптап ашыла бастады. Тіпті, коттедждерді жалға алып, оқу орнын ашқандар да болды. Ал, мемлекет тарапынан ол реттелген жоқ», - дейді Сүлеймен Демирел атындағы университет ректоры Қанат ҚОЖАХМЕТ.
«Мәселен, бізде еркіндік бар және экономиканы қалай үйреткіміз келеді солай бере аламыз делік. Бірақ, сіз біздің экономикалық бағдарламамыз бен Швециядағы корольдік университетінің бағдарламасын салыстыратын болсаңыз, олардың бір-біріне өте ұқсас екенін байқайсыз. Бұл жерде мәселе біреудің еркіндікке ие болмағанында емес. Тек бүкіл әлем бойынша экономистер арасында бакалавр өз деңгейінде не білуі керек, қандай пәндерді оқуы керек деген сияқты ортақ келісім бар», - дейді NARXOZ университетінің ректоры Эндрю ВАХТЕЛЬ.