2021 жылы білім грантын өтеуге қатысты заң талаптары жеңілдетілді

2021 жылы білім грантын өтеуге қатысты заң талаптары жеңілдетілді
Жалпы бұл жүйе білім алып жатқан талапкерлер үшін қаншалықты тиімді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

2021 жылы білім грантын өтеуге қатысты заң талаптары жеңілдеді. Бұдан былай, мемлекет қаржысына оқыған студенттер тек еліміздегі ұйымдарда ғана емес, жекеменшік компанияларда да өтей алады. Бастысы игерген мамандығы бойынша 3 жыл жұмыс істеуі міндетті. Жалпы бұл жүйе білім алып жатқан талапкерлер үшін қаншалықты тиімді? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын студент пен университет оқытушыларының пікірін тыңдап келді. 

Сара Смайылова – Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің айти және финанс мамандығының 3-курс студенті. Бұл мамандықты өз еркімен таңдағынын айтады. Мектепті бітірмес бұрын бірнеше жыл осы салаға қатысты кітаптар оқып, біраз дайындалған. Болашақта айти саласында тәжірбие жинап, жетістіктерге жету оның басты мақсаты.

«Бұл заң мен үшін қиындық тудырмайды. Оқуымды бітірген соң, қаладағы халықаралық компанияда жұмыс істегім келеді. Себебі, жас маман үшін шетелдік компанияларда тәжірбие жинауға мүмкіндік көп. Онда жұмысыма қатысты өзге елдің әдістемелерін үйренгім келеді», – деді студент Сара Смайылова.

Сондай-ақ, студент оқуын аяқтаған соң, 4 жыл көлемінде емес, белгілі бір уақыт аралығында ғана өз мамандығы бойынша жұмыс істесе болады. Мәселен, білім алушы жоғары оқу орнының ақылы бөліміне түсіп, біраз уақыттан кейін жақсы үлгерімі үшін мемлекеттік білім грантын иеленеді немесе керісінше, грантта оқып жүріп, ақылы бөлімге ауысуы мүмкін. Бұл жағдайда студент қанша жыл грантта оқыса, дәл сол мерзімге сәйкес өтей алады.

«Бұл заң кейбір студенттерге қиындық туғызуы мүмкін. Себебі, ата-анасаның кеңесімен сол мамандық иесіне оқуға түскендер де бар ғой. Ондай студенттер көп жағдайда оқуын бітере салып мүлде басқа салаға ауысып жұмыс істеп жатады. Енді, мемлекет бекіткен заңға сәйкес, олай жасауға болмайды. Осыған байланысты, ата-аналарға үлкен жауапкершілік жүктелгелі отыр», – деді Халықаралық Ақпараттық Технологиялар Университетінің проректоры Нұржан Дүзбаев.

Мұндай талап, магистранттар мен доктаранттарға да қойылады. Егер студент университте оқып жүріп, өз мамандығына сәйкес қосымша жұмыс істеп жүрсе, бұл мемлекеттік грантты өтеу болып есептелмейді. Ал, заңға қарсы келген қандай да бір азаматқа 4 жыл мемлекет есебінен оқыған гранттың ақшасын өтеу міндеттелмек.  

«Бұл аяқ-асты қабылданған заң емес. Студенттер оқуға түскен жылы барлығына түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Келісім шартпен алдын-ала таныстырдық. Сондықтан бұл ретте олар үшін аса бір жаңашылдық жоқ. Биылғы стденттер жаңа заңға сәйкес жұмыс істейтін алғашқы түлектер болады», – деді ҚР БҒМ департамент директоры Әділет Тойбаев.

Білім туралы заңға бұл өзгеріс 2016 жылы  енгізілген болатын. Грант бойынша білім алған студенттер оқуларын аяқтаған соң мамандығы бойынша мемлекеттік мекемелерде 3 жыл жұмыс істеуге міндеттелген еді. Кейіннен Парламент заңға өзгерістер енгізіп, студенттер үшін талап біраз жеңілдеді.  

Ұлағат Арғын, Ғани Қалуов «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров