Министр өзге жоғары оқу орындарында да жаңа нысандар салынатынын айтты
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аумағындағы бос жатқан 3 гектар жерге 12 мың орындық жатақхана салынады. Сондай-ақ қосымша оқу ғимараттары мен қызметкерлерге арналған тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Бүгін қалашық құрылысының екінші кезеңі басталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров және университет ректоры Жансейіт Түймебаев алғашқы іргетасқа капсула салды.
«Мемлекет тарапынан бүкіл шарт жасалған. Қазіргі таңда жоғары оқу орындарында тапшылық 55 мың төсек орынды құрайды. Бірақ біз одан да көбірек салуымыз керек. Демографиялық факторды алдын ала ескерген жөн. Қазір студенттердің саны 626 мың болса, 2030 жылы 1 миллионнан асады деген болжам бар. Жас буынды мықты жағдаймен қарсы алуымыз керек», – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Министр өзге жоғары оқу орындарында да жаңа нысандар салу, жөндеу жүргізу сынды жұмыстар жасалатынын айтты. Айта кетсек, ҚазҰУ-де қазір 24 мыңнан астам студент оқиды. Бірақ бәріне бірдей жатақханада орын жоқ. Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев келгенде де осы мәселе көтеріліп, Мемлекет басшысы университет қалашығы құрылысының екінші кезеңін іске асыру жоспарымен танысқан еді.
«Қазіргі таңда университетте 26 мың студент оқып жатса, 6 мың ғана төсек бар. Ол жетпейді. Сондықтан да 12 жатақхана салу жоспарда бар. Бүгін бірінші жатақхананың іргетасын қалап жатырмыз. Болашақта 12 мың орындық жатақхана салсақ, көп мәселе шешіледі. Одан кейінгі мәселе 2-3 факультет бір корпуста отыр. Оларды да жеке-жеке оқу ғимаратымен қамтамасыз ету – біздің мақсатымыз. Жер бар. Барлығы сияды», – деді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев.