Биыл мектеп оқушылары үшін соңғы қоңырау салтанаты өтпейді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ал 9-11-сынып оқушылары қорытынды және мемлекеттік емтихандарды тапсырмайтын болды. Бұл туралы бүгін Oрталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте еліміздің Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова мәлімдеді. Ол қашықтан оқытудың екінші аптасы аяқталғанын, осы аралықта 2 млн 400 мың оқушы мен мұғалім интернет платформаны пайдаланып, жұмыс істеп отырғанын жеткізді. Ал отандық арналар арқылы 700-ден астам сабақ өткізілген екен.
«Балапан» және «Еларна» каналдарында 800 мыңнан артық оқушы күнделікті осы жүйені қолданып, сабағын оқып отыр. Мұғалімдердің оқушылармен кері байланысы да қолжетімді құралдар арқылы жеткізіліп отыр. Бұл – электронды журналдар жүйесі, түрлі мессенджерлер арқылы оқушылар мен мұғалімдердің байланысы», – деді ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары Шолпан КАРИНОВА.
Вице-министрдің сөзінше, жергілікті атқарушы органдар білім ошақтардағы 250 компьютерді таратқан. Тағы 11 мың компьютер сатып алған. Олар оқушылар мен ұстаздарға берілетін болады. Бұдан бөлек, мұғалімдер мен оқушылар интернетпен де қамтылып жатыр.