40-қа жуық бала қазақ тобында болғаны үшін гранттан қағылып отыр
Алматыдағы химия-биология бағытында білім беретін НЗМ мектебінен шу шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ата-аналар биылғы гранттар қазақ және орыс сыныптары арасында әділ бөлінбеген дейді. Соның кесірінен 40-қа жуық оқушы ең жоғары балл жинаса да оқуға түсе алмай қалған. Балалары үшін күйіп-піскен ата-аналар гранттарды қайтадан үлестіруді талап етіп отыр. Оған мектеп басшылығы не дейді?
Химия-биология бағытында білім беретін бұл мектепке жетінші сыныпқа қабылданатын балалар үшін биыл 200 грант бөлініпті. Оның 100-і қазақ, 100-і орыс сыныптарына үлестірілген. Дауға себеп болған да осы. Ата-аналар оқуға тапсырған қазақ балаларының саны да, алған ұпайлары да орыс тобына қарағанда көп. Соған қарамастан грант саны бірдей бөлініп отыр дейді.
«Жоғары ұпай жинаған оқушылар грантқа өтпей орыс тобында төмен балл жинаған оқушылар грантқа өтіп тұр. Сонымен қатар биыл қазақ сыныптарының санын азайтып, соның есебінен орыс сыныптарын көбейткен. Біз бұған келіспейміз. Кімнің ұпайы жоғары, сол грантқа өту керек деп санаймыз және соны талап етеміз», – деді қоғам белсендісі Дархан Ардақұлы
Емтиханды қазақ сыныбына 1400-ден аса оқушы, ал орыс сыныбына 600-ден аса бала тапсырған. 40-қа жуық бала қазақ тобында болғаны үшін гранттан қағылып отыр.
«14-15 сәуірдің 2 күн тапсырдық. Біздің жинаған ұпайымыз 1174, қазақ тобындағы тізімде 111-орында тұрды. Орыс тобында болсақ 75-орында болар едік», – деді ата-ана Тимур Шынтаев.
Комиссия гранттарды тек қала мектептеріндегі оқушылардың санына қарай бөлген көрінеді. Ата-аналар қала маңындағы елді-мекендердің балалары неге ескерілмегенін түсінбейді.
«Статистикаға біздің Алматының іргесіндегі ауылдағы мектептерді кіргізбей отыр. Сонда олар Қазақстанның азаматы емес пе? Олар басқа қай жердің НЗМ-ге барып тапсыру керек? Соны түсінбеймін. Хабарлассам, ақылы оқуға болады, жылына 3 млн дейді. Егер балалар мектепке сыймаса, ақылы сыныпты қалай ашады», – деді ата-ана Руслан Амантаев.
Орындардың дұрыс бөлінбегеніне ашуланған ата-аналар әділдік орнағанын қалайды. Гранттарды қазақ, орыс деп бөлмей балалардың алған ұпайына қарай үлестіруді айтып отыр. Тіпті, ол да мүмкін болмаса онда ең жоғары балл алып 100 орынға сыймай қалған балалар үшін мектептен қосымша сынып ашуды қарастыруын талап етіп отыр. Баласының болашағы үшін шырылдаған ата-аналардың бұл талабын орындауға мектеп директорының құзіреті жетпейді.
«Мен ештеңе шеше алмаймын. Республикалық бюджет сынып ашамыз деп шешсе, дайындаймыз. Бірақ менің қолымда емес ол. Мен ештеңе жаза алмаймын. Қазір ата-аналардың өтініштерін жібердік. Қазір республикалық комиссияның шешімін күтіп жатырмын», – деді НЗМ мектебінің директоры Гүлмира Мөңкеева.
НЗМ қалалық басқармаға да, министрлікке де бағынбайды. Мектеп дербес білім беру ұйымы болғандықтан бұл мәселені тек сол ұйымға қатысты комиссия шешпек.
«НЗМ Оқу-ағарту министрлігіне бағынбайды. Сәйкесінше, тілдер бөлінісінде квота бөлу, сыныптарды жабдықтау, жаңа мектептер ашу мәселелерін министрлік емес, Қамқоршылық кеңесі шешеді. Түсіндіретін бір ғана мәселе бар. Дәлірек айтқанда, министр гранттарды тағайындау жөніндегі комиссияның төрағасы екені тарихи түрде қалыптасқан, алайда оның сыныптарға қабылдау, сыныптарды жинақтау және оны ашу саясатын анықтауға құқығы жоқ», – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің бас сарапшысы Ерлан Маяемиров.
Ұлттық білім базасындағы деректерге сәйкес, Алматы қаласында 6-сыныпта 33 420 бала оқиды. Қазақ тобында 15 536, 17 884 оқушы орыс тобында білім алады. Пайыздық айырмашылығы 1/1 құрайды. Сондықтан да гранттар теңдей бөлінді. Байқауға 2178 үміткер қатысты. Оның 1 483-і қазақ, 695-і орыс тілді оқушы екенімен келісеміз. Алайда шектік деңгейден қазақтілді 638 оқушы, яғни 43 %, ал орыстілді 421 бала, яғни 61% өте алды.
Ал ата-аналардың өтінішін комиссияға жібердік деген директор шешім 15 күн ішінде қаралатынын жеткізді.
Назкен Еркін, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы