Бұл туралы қалалық білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева айтты
Алматыда 15 мыңнан астам мұғалім балаларды қашықтан оқыту үшін білімін шыңдап, техникалық сауаттылығын арттырды. Енді жаңа оқу жылына дейін екі мыңдай мұғалімге компьютер берілмек. Ал, үй жағдайында оқытуға мүмкіндігі жоқ ұстаздарға мектепке келіп онлайн білім беруге рұқсат етілген. Бұл туралы қалалық білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сонымен қатар, қолжетімді интернет желісіне де баса назар аударылған. Қалада ұялы телефон байланысы нашар, тіпті ғаламтор жүйесі тартпайтын 46 нүкте анықталған. Осы мәселе төңірегінде байланыс операторларымен оқушылар және мұғалімдер үшін қолжетімді «Білім» тарифі іске қосылады. Айта өту керек, биыл шамамен 30 мың алматылық бүлдіршін бірінші сыныпқа барады. Оқушы санының артуына байланысты мегаполисте қыркүйектен бастап жаңа екі білім ұясы пайдалануға беріледі.
«Жаңа оқу жылында қаламыздың орта білім беру желісіне жаңа объектілер қосылады. Қазіргі таңда Алматы қаласында 205 мемлекеттік мектеп жұмыс істейді, 61 жекеменшік жұмыс істейді. 1 қыркүйекте қосымша екі мектеп іске қосылатын болады. Ол – Әуезов ауданындағы Мамыр шағын ауданындағы 200 орындық жаңа мектеп және де Түрксіб ауданындағы Нұршашқан шағын ауданындағы 600 орындық жаңа мектеп», – деді қалалық білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева.
Сондай-ақ, қаладағы компьютерге мұқтаж жандарға тиісті техниканы бөліп беру мәселесі жіті бақылауда. Ол үшін жергілікті білім басқармасының жанынан қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті, «Алматы-адалдық алаңы», және «Саналы ұрпақ» ұйымдарынан тұратын арнайы комиссия құрылған. Одан бөлек, әрбір білім ордасындағы қаржының қайда жұмсалып жатқанын publicbudget.kz сайтынан көруге болады. Мектептердегі жөндеу жұмыстары мен материалдық шығын үшін ата-аналардан бір тиын да алынбау керек дейді комиссия мүшесі.
«Білім басқармасының жанынан арнайы комиссия құрылды. Сол комиссияның біз мүшесі болып ендік. Ол неге еніп отырмыз? Осы қоғамдық бақылау болсын, әділдік болсын, мөлдірлік болсын деген мақсатпен осы жұмыстарға біз білім саласында атқарылып жатқан жұмыстың бәрінп де қатысамыз. Алдағы уақытта да өткізілетін ата-аналар жиналысына да қатысамыз», – деді «Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесінің басшысы Қайыржан Тоқышев.