Алматыда студенттердің өзін-өзі басқару мектебі ашылды

26.02.2019 22:52

Аталмыш қысқы мектепте студенттер өз тәжірибелерімен бөлісіп отырады

Алматылық студенттер өз ойларын ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісіп отырмақ. «Тұран» университетінде тұңғыш көшбасшы студенттік өзін-өзі басқару қысқы мектебі ашылды. Оған қаладағы 22 жоғары оқу орнының тәлімгерлері қатысады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, мұнда қызықты тренинг, нетворкинг сессия және жастар форумы өтеді. Ашылу салтанатында алғашқы дәрісті «Алматы марафон» ауқымды спорттық шарасының ұйымдастырушылары өткізді. Аталмыш жиынға 250 студент қатысты.

«Менің ойымша, мұндай мектептердің студенттерге берер пайдасы өте зор. Себебі, қазіргі таңда студенттер жан-жақты болуы керек. Ал мұнда берілетін дәрістер, семинарлар жан-жақтылыққа бағытталған. Практикалық білім десе де болады. Студенттер өз жинаған тәжірибелерін өзге студенттермен бөлісіп отырады. Осының арқасында біз өзіміздің уақытымызды үнемдеп, болашаққа нақты қадам жасай түсеміз деген ойдамын», – дейді студент Әлішер ЖҰМАБАЙ.