Алматыда Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» қарқынды жүзеге асуда. «7-20-25» бағдарламасы бойынша жыл басынан бері 232 өтінім мақұлданған. Мамандардың сөзінше, өтінім бергендердің басым көпшілігі Алматы қаласынан баспаналы болғылары келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бағдарлама іске қосылғалы 2,5 мыңға жуық өтінімнің 1 246-сы мақұлданған. Оның құны 16 миллиард теңгеден асады. Жалпы, қалада былтыр 2 миллион шаршы метр баспана берілген. Ал биыл пәтерлер санын 12 мыңға көбейту жоспарланған.
Сонымен қатар, 1 қаңтардан бастап жалақылары төмен 200 мың жұмысшының салықтық жүктемелері 90 пайызға азайтылды. Одан бөлек биыл шағын несиеге 2,5 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылыпты. Жоба аясында құны 167,7 миллион теңге болатын 12 жоба мақұлданған.
Сондай-ақ жатақхана мәселесі де оң шешімін тауып келеді. Қазірдің өзінде 2 студент үйі тұрғызылып, біреуі модернизацияланып жатыр. Жалпы, 2019 жылы 2680 орындық 5 жатақхананың құрылысы жоспарланған. Осы күні жер телімдері де дайын көрінеді
Ал Алматы тұрғындарының 99 пайызы газбен қамтылып, 45 пайызының газ жүйесі жаңартылып жатыр. Құрылыс жұмыстары сәуір айының соңында аяқталмақ. Жыл басынан бері қалада 650 абонент көгілдір отынға қосылыпты. Айта кетейін, соғыс ардагерлеріне газ қостыру тегін, ал, көп балалы отбасы мен әлеуметтік аз қамтылған жанұяға 50 пайыз, 1-ші және 2-ші топтағы мүгедек жандарға 30 пайыз жеңілдік қарастырылған.