Мүгедек баланы аяусыз ұрған: Астанадағы балабақшалардың бірінен шу шықты

20.01.2023 00:55

Жантүршігерлік кадрлар әлеуметтік желіге лезде тарап кеткен

astana-akshamy.kz

Астанадағы балабақшалардың бірінен шу шықты. Осы жолы мүгедек баланы аяусыз ұрып жатқан тәрбиешінің әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Ал мектепке дейінгі мекеме жергілікті бюджеттен ақша алып отырған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жантүршігерлік кадрлар әлеуметтік желіге лезде тарап кеткен. Тәрбиешінің баланы ұрып, жұлқылап жатқаны көрсетілген. Оқиға Астанадағы "Балам-ай" мүгедек балаларды әлеуметтік қорғау орталығында болған. Қалалық әкімдік өкілдері мекемедегі үш қызметкер жұмыстан қуылғанын жеткізді. Бұл азаматтар осы орталықта былтырдан бері жұмыс істеп келген.  

“Мұндай жағдай бұл мекемеде бірінші рет болып тұр. Орталық жекеменшік болғанымен біздің мамандар тексеріс жүргізіп тұрады. Менің ойымша, тәрбиешілер эмоциясын ұстай алмаған. Жазалау жағын құзырлы орган қызметкерлері шешеді”,  деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб.

Маманның сөзінше, балалардың денесі көгермеген. Қатты соққының белгілері байқалмаған. Алайда бейнебақылау камерасынан баланы ұрғаны анық көрінген. Тәрбиешілердің соққысына жығылған балалардың ата-анасы полицияға шағым түсірген. Қазір қылмыстық іс тіркеліп, тексеріс жүргізіліп жатыр.

“Алматы аудандық полиция басқармасының қызметкерлері ҚР қылмыстық кодексінің 140 бабымен қылмыстық іс қозғады. Іске қатысты тиісті сараптамалар тағайындалды. Олардың нәтижесі бойынша кінәлі адамдарға қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес шешім қабылданатын болады”, – деді Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Эльмира Шәуленова.

Тәрбиешіден зәбір көрген балалардың ата-аналары оларды басқа балабақшаға ауыстырған.

Ал "Балам-ай" мүгедек балаларды әлеуметтік қорғау орталығы жұмысын тоқтатпаған. Себебі биыл ол орталыққа бюджеттен қаржы бөлінген.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Ринат Утеев, "Алматы" телеарнасы" Астана