Биыл Жайлы қалалық орта басқармасы 29 әлеуметтік нысан салып, пайдалануға берді
Алматы әкімдігі әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға үлкен көңіл бөледі. Көптеген алматылықтардың үйлерінің жанында жақсы балабақшалар мен мектептер, ыңғайлы заманауи емханалар бар. Олар тек бюджет есебінен ғана емес, жеке инвесторлар есебінен де салынуда. Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында Алматы Жайлы қалалық орта басқармасының басшысы Сапар Нұрашев толығырақ айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматы қаласының әкімі Б. Сағынтаев қала аумақтарын кешенді дамытуды өзінің қызметінің басты басымдығы деп санайды, сондықтан бұл тізімде жаңа тұрғын шағын аудандар ғана емес, жаңа қоныстанушылар үшін ыңғайлы әлеуметтік инфрақұрылым — балабақшалар, мектептер, емханалар, демалыс және спорт орталықтары да бар.
С. Нұрашевтің мәліметінше, биыл Жайлы қалалық орта басқармасы 29 әлеуметтік нысан салып, пайдалануға берді. Әлеуметтік нысандар көбінесе тұрғын үй кешендерімен қатар салынуда.
«Алматының барлық тұрғын аудандары тұрғындардың қажеттіліктерін ескере отырып дамуда. Бірінші кезекте әрбір ауданды мектептердегі, балабақшалардағы орындармен, емханалармен және қолжетімді тұрмыстық сервистермен қамтамасыз ету міндеті тұр. Мысалы, Ақжар және Таусамалы шағын аудандарында әрқайсысы 120 орынды екі балабақша салынды, сондай-ақ өрт сөндіру депосының құрылысы аяқталды», - деді С. Нұрашев.
Әкімдіктің күшімен әлеуметтік нысандар, әсіресе мектептер қолжетімді болуы үшін барлық жағдай жасалуда. Ол үшін қолда бар білім беру нысандарын кеңейту қарқынды жүріп жатыр. Биыл №6, 38, 57, 60, 102, 121, 133, 144, 166, 170, 199 мектептерінің жанындағы 11 қосалқы нысанның құрылысы аяқталды. Бұл оқушылар орындарының санын 4 600 бірлікке арттыруға мүмкіндік берді.
Құрылыс салынатын орындар осындай нысандардың қажеттілігі мен тапшылығын ескере отырып белгіленеді. Мәселен, 2021 және 2022 жылдары Алматыда қосымша 45 әлеуметтік нысан салу жоспарлануда, оның 34-і – жаңа құрылыс, ал 11-і – сейсмикалық күшейту және ғимараттарды күрделі жөндеу.
«Саялы, Томирис, Қалқаман-2, Дархан, Мәдениет, Қайрат, Нұркент шағын аудандарында 12 600 орынды сегіз мектеп; Марков көшесі, 28Б және Жас-Қанат шағын ауданында тоғыз қосалқы нысан, екі балабақша, алты дене шынықтыру-сауықтыру кешені, алты денсаулық сақтау, спорт және үш әлеуметтік маңызы бар объект салу біздің жоспарымызда бар»,-деп атап өтті С. Нұрашев.
3 663 орынды жеті қосалқы нысанның құрылысы аяқталған кезде биыл оқушы орындарының тапшылығы азаяды, 2022 жылдың екінші тоқсанында 375 орынды тағы екі қоссалқы нысан с алынатын болады.
Бұдан басқа, Әлеуметтік қызметтер үйі (Достық даңғылы, 85), балаларды әлеуметтік бейімдеу орталығы, Алматы сервистік қызмет көрсету колледжі, Ауданаралық туберкулезге қарсы диспансер, №23, 71, 186 бөбекжай-бақшалары, №7, 40, 45, 54 81 мектептер және №6 емхана сияқты нысандарда сейсмикалық күшейту жұмыстары аяқталды.
Қала тұрғындары үшін ыңғайлы және жайлы орта құру бойынша ауқымды өзгерістер жүріп жатыр. Ұзындығы 2,1 шақырым Кіші Алматы өзенінің жағалауын реконструкциялау аяқталды, 18,4 мың шаршы метр газон, 3 мың бұталар мен ағаштар отырғызылды, 298 ШСН (шағын сәулеттік нысан) жиынтығы орнатылды, 6,7 мың шаршы метр асфальтбетон төселді.
«Жамбыл көшесі бойымен Достық даңғылынан Наурызбай батыр көшесіне дейін ұзындығы 1,5 шақырым қоғамдық кеңістік реконструкцияланды, 1,2 мың шаршы метр газон, 454 бұталар мен ағаштар отырғызылды, 69 ШСН жиынтығы орнатылды, 14,9 мың шаршы метр асфальтбетон төселді», - деді С. Нұрашев.
Сөзін жалғастыра келе, спикер 2021 жылы қандай нысандардың құрылысы басталғанын және келесі жылы аяқталатынын айтты.
«Қазіргі кезде Алматыда алты денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Олар Жас Қанат, Құлагер, Алатау, Айнабұлақ-2, Кемел және Зерделі шағын аудандарында орналасқан. Олардың аяқталу мерзімі ағымдағы жылдың соңына жоспарланған, Зерделі шағын ауданындағы ДШСК 2022 жылдың бірінші тоқсанында салынады», - деді С. Нұрашев.
Келесі жылы №129, 145, 166 мектептер мен №7, 113 балабақшалардың сейсмотұрақтылығын күшейту жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Алматының тағы бір ірі жобасы – Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына арналған операциялық блогы бар қабылдау бөлімшесінің төрт қабатты корпусы салынады.
«Кемел» шағын ауданында 200 келушіге арналған отбасылық-дәрігерлік амбулатория құрылысын аяқтау қарастырылған. Сондай-ақ, Қалқаман шағын ауданындағы №7 қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөлімінің екі қабатты қосалқы нысаны салынады. Бұл жоба қуаттылықты жылына 80 мың пациентке арттыруға мүмкіндік береді», - деді С. Нұрашев.
2022 жылы Бостандық ауданында өрт сөндіру депосы салынады, бұрынғы трамвай паркінің базасында «DEPO Evolution Park» көпфункционалды жастар кешенінің ғимараты және мемлекеттік қуыршақ театрының қосалқы нысаны реконструкцияланады.