Бүгінде университет қабырғасында 25 мыңнан астам студент оқиды
Шараға оқу орнының түлектері шақырылып, олар студенттік жылдары туралы естеліктерімен бөлісті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қала әкімі Бауыржан Байбек жетекші университеттің тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азия бойынша алғашқылардың қатарында 85 жасқа келіп отырғанын атап өтті. Сондай-ақ, шаһар басшысы өзінің құттықтау сөзінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын да оқыды.
«Әлемнің ең үздік 220 жоғарғы оқу орнының қатарына қосылған университет қабырғасында 2000-нан астам профессор, доктор және ғылым кандидаты, 100-ден астам академик, ел мақтанышы болар басқа да көптеген азаматтар жастарға тәлім-тәрбие беруде. Сіздер білім беру жүйесін ұдайы жетілдіріп, әлемдік бәсекеге барынша қабілетті мамандар легін дайындай бересіздер деп сенемін», – деді өз құттықтауында қала әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Айта кету керек, Қазақ Ұлттық Университеті – алдыңғы қатарлы шетелдік жоғары оқу орындарымен бірлесіп, қос дипломды білім берудің 70-тен аса бағдарламаларын жүзеге асыратын Қазақстандағы жалғыз жоғары оқу орны. Айта кетсек, университет түлектерінің арасында Олжас Сүлейменов, Рахман Алшанов, Арманжан Байтасов, Нұрлан Смағұлов сынды танымал тұлғалар жетерлік. Олар өздері оқыған білім ордасын айтулы мерекемен құттықтап, биылғы жас түлектерге ақ жол тіледі.
«Мен бұл оқу орнын 1983 жылы бітірдім, содан бері 36 жыл өтіпті. Осы университетте алған білімнің арқасында мен осыдан 25 жыл бұрын медицина саласында мүлдем басқа бір бағытты, репродуктология саласын экстракорпоралді ұрықтандыру саласын енгізгенмін. Соның барлығы осы молекулярлық биологияның білімінің арқасында. Жас студенттерге айтатыным, білім алуға тырысу керек. Қазіргі заман білімнің заманы», – деді Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ түлегі Салтанат БАЙҚОШҚАРОВА.
Бүгінде университет қабырғасында 25 мыңнан астам студент оқиды. Оқу ордасы білім беру үдерісінде жаңа тәсілдерді қолданып, сандық форматты ойдағыдай іске асыруда.