Мұғалімдер күні: Ерболат Досаев Алматы педагогтарын құттықтады

06.10.2023 23:08

Мұғалімдерге ҚР Білім министрлігінің төсбелгісі табысталды

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Almaty Theatre-да мұғалімдер күнін тойлауға арналған салтанатты іс-шара өтті. Кәсіби мерекені әріптестер арасында атап өту үшін 600-ден астам педагог, еңбек ардагерлері, мұғалімдер әулеттерінің өкіл келді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қала әкімі Ерболат Досаев іс-шара қонақтарын мерекемен құттықтап, игі еңбектері және жас ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін алғыс айтты.

- Мұғалім - мамандық емес, бұл борыш! Осы мерекеге сіздердің жанкешті еңбектеріңіз үшін, оқушыларды білім нәрімен сусындатып, өмірлік тәжірибелеріңізді бөліскеніңізге шексіз ризашылығымды білдіру үшін әр жолы ерекше тебіреніспен келемін. Құрметті мұғалімдер, біздің ең үлкен міндетіміз – сіздердің жұмысыңызға жағдай жасау, біз балаларымызға озық білім беру үшін мамандарды даярлау мен қайта даярлауға инвестиция салуды жалғастырамыз. Сіздерді өміріміздегі ең маңызды әрі мәртебелі мерекенің бірі – Мұғалімдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!, - деді қала басшысы.

Мерекелік іс-шарада «Almaty Ustazy» және «Үздік білім беру ұйымы» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Қала мектептерінің мұғалімдеріне ҚР Білім министрлігінің төсбелгісі табысталды.

Жас педагогтарға арналған «Almaty Ustazy» байқауы 2023 жылдың 1 сәуірінен басталып, үш кезеңде өтті. Оның аясында 2,5 мыңнан астам педагог заманауи білім беру үдерісіне озық әдістемелер мен цифрлық технологияларды енгізу бойынша дағдысын көрсетті. Жас мұғалімдердің шығармашылық әлеуетін ашу, мұғалім мәртебесін арттыру мақсатында ұйымдастырылған байқауға үш жыл ішінде 36 жасқа дейінгі 7 мыңға жуық педагог қатысты.

Мегаполис басшысы финалға шыққан бес педагогқа Сингапурда оқу тәжірибесінен өтуге сертификаттар табыс етті.

Марапатталғандар:

• Салтанат Анапияева - №159 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі («Тіл және әдебиет» бағыты бойынша).

• Эльдар Әбдіхалықов – №168 жалпы білім беретін мектептің тарих пәнінің мұғалімі («Адам және қоғам» бағыты бойынша).

• Майра Махабаева - №202 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі («Бастауыш білім беру» бағыты бойынша).

• Жансая Қыдырханова - №206 мектеп-гимназиясының география мұғалімі («Химия, биология, география» бағыты бойынша).

• Салтанат Есхожаева - №24 лицейдің математика пәнінің мұғалімі («Математика, физика және информатика» бағыты бойынша).

Айта кетейік, бас жүлде иегері №159 мектеп – гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Салтанат Анапияева 5 млн теңге көлемінде жүлдеге ие болды.

Барлық 5 жеңімпаз Сингапурда халықаралық білім беру тағылымдамасынан өтуге сертификат алады, онда олар жетекші мектептердің жұмысымен танысып, шетелдік оқу орындарымен тәжірибе алмасады.

Әрі байқаудың 3 қатысушысы №105 мектеп-гимназиясының информатика пәнінің мұғалімі Бақтияр Розиев, №94 мектеп-гимназиясының орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Диана Круковская, №134 мектеп-лицейінің биология пәнінің мұғалімі Жанна Хегай жасампаздығы және шығармашылығы үшін қала әкімінің арнайы сыйлығымен марапатталды.

Сонымен қатар, іс-шарада «Үздік білім беру ұйымы» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Алмалы ауданындағы С. А. Қожықов атындағы № 39 мамандандырылған лицейі ең жоғары балл (1671,43) алды. Жеңімпазға білім беру ұйымын материалдық-техникалық жарақтандыруды жақсарту және білім беру процесін ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету үшін Алматы қаласы әкімінің 56 млн теңге көлеміндегі гранты берілді.

Бұған қоса, «Алматы мектебі» бағдарламасы бойынша Швейцария мен Ұлыбританияның үздік оқу орындарында биыл 50 мектептің басшысы халықаралық академиялық тағылымдамадан өтеді.