«Қазақ» сөзі - «еркін, тәуелсіз» деген ұғыммен пара-пар. Бұл туралы түркі-парсы зерттеулерінің маманы Джу Юп Ли мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматының төрінде жаңа кітабының тұсауын кескен канадалық ғалым Джу Юп Ли 15 жыл ғұмырын қазақты терең зерттеуге сарп етіпті. Ғылыми еңбекті жазу үшін 5 жыл бойы өзге тілдерді меңгерген. Оның «Qazaqlïq және қазақтардың қалыптaсуы. Постмонғолдық орталық Еуразиядағы мемлекет және бірегейлік» атауымен жарық көрген кітабы шетелдік сарапшылардың көңілінен шығыпты. Басылымның басты ерекшелігі - еліміздің құрылу тарихы шетелдердің 15-16 ғасырдағы көзқарасымен суреттелген.
«Қазақтар ұлы көшпелі халықтың тікелей ұрпағы болған және көшпелі дәстүрді қалыптастырған. Сондықтан мен қазақ халқының тарихына қызықтым. Алайда көп ғалымдар тарихқа терең үңілмейді. Қазақтар туралы еңбек жазу үшін мен қазақ, орыс, парсы, түрік, шағатай, қытай, француз, неміс, монғол тілдерін үйрендім. Ал зерттеуіме тіреу болған түрлі деректерге сүйенсек, «қазақ» сөзі - «еркін, тәуелсіз» дегенді білдіреді», – деді кітап авторы, түркі-парсы зерттеулерінің маманы Джу Юп Ли
Ең алғаш ағылшын тілінде басылып шыққан ғылыми кітап 2017 жылы Орталық Еуразиялық зерттеулер қоғамының ең үздік еңбегі ретінде танылыпты. Елімізде қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген еңбекте ғалым «қазақлық» феноменіне баса назар аударған. «Бұл зерттеу қазақтар мен өзбектер, украиналық казактардың байланысы мен айырмашылығын ашып көрсетеді» дейді шетелдік сарапшылар.
«Бұл еңбекте бір ғана автор өзге мемлекеттердің тарихында жазылған дәлелдерді жинаған. Ғалымның айтуынша, «қазақлық» феноменінің терең мағынасы – бұл адамдардың сол замандағы өмір сүру дағдысы деген түсінік. Осының бәрін автор жүйелеп, тұжырымдап көрсете білген», – деді Жоғары әлеуметтік ғылымдар мектебінің профессоры Винсент Фурнио.
Айта кетейік, дөңгелек үстелге қазақтың тарихын зерделеп жүрген өзге де шетелдік мамандар қатысты. Отандық сарапшылардың айтуынша, қазақ елінің құрылуын өзге қырынан көрсете білген еңбек тарихымызға жаңа дем берді.
«Тек өзіміздің тарихымызды өзіміз жазып, өзімізге арнайтын болсақ, онда шетелдегі ғалымдар біздің еңбектерімізді керек қылмайды, мойындамайды, бағаламайды. Ал егер біз шетелмен жұмыс істесек, шетелдің ғалымдары біздің еңбектерімізді мойындаса, біз олардың еңбектерін Қазақстанда насихаттасақ, әрине ол оларға да тиімді, бізге де тиімді. Біздің рухани жаңғыруымызға, біздің рухани байлығымызға осындай кітаптың шығуы өте тиімді», – деді «АБДИ гуманитарлық зерттеу институты» ЖШС директоры Қанат Өскенбай.
Ғылыми еңбегін таныстырған ғалым «қазақлық» дәстүрі тек қазақ халқының емес, өзге мемлекеттердің де құрылуына негіз болды деп ой қорытты.
Аяулым Көлжігіт, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы