Биылғы ҰБТ-ға қандай өзгерістер енгізілді

22.05.2023 23:12

Осы оқу жылында 172 мың мектеп бітірушінің 166 мыңы тестілеуге өтініш берген

Almaty.tv

Жыл сайын жүз құбылатын ҰБТ-да биыл да ерекшеліктер бар. Бұл жолы білім сынағында Қазақстан тарихы пәнінің сұрағы көбейген. Ал оқу сауаттылығынан сауал керісінше, азайыпты. Бұл туралы еліміздің Ғылым және жоғары білім вице-министрі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv

Қуаныш Ерғалиевтің ақпарынша, осы оқу жылында 172 мың мектеп бітірушінің 166 мыңы тестілеуге өтініш берген. Мемлекеттік грантқа түсу үшін олар мамыр-маусым аралығында білімін таразыға салады. Қазіргі таңда бөлінген білім беру грантының жалпы саны – 88 мың. 

«Тегін оқу мүмкіндігі инженерлік-техникалық мамандықтарға көбірек беріліп отыр» деді министрлік өкілі.

– Шекті балда да өзгеріс болмайды. Яғни, құқық және педагогикалық ғылымдар бойынша 75 балл, медицина кемінде 70 балл, ауыл шаруашылығы бойынша 60 балл, ұлттық ЖОО-ларда шекті балл 65 болады және басқа да ЖОО-ларға 65 балл жинау керек, – деді ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.