Мектептердегі бейнебақылаудың 21 пайызы талапқа сай емес

01.06.2021 23:12

466 мектеп қана арнайы күзетпен қамтылған

стоп-кадр

Елімізде мектептер мен балабақшаларда орнатылған бейнебақылау жүйесінің 11,4%-ы ғана полицияның жедел басқару орталығына қосылған. Ол туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты. Оның дерегінше, мектептегі  бейнебақылаудың 21 пайызы талапқа сай емес, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сонымен қатар, 466 мектеп қана арнайы күзетпен қамтылған. Бұл – елдегі орта білім нысандарының 6,4%-ы ғана деген сөз. Ал, барлық білім ордалардың 14,9%-ында ғана дабыл түймесі бар екен. Бұдан бөлек  110 мектептің дәретханасы әлі күнге аулада орналасқан.

«Бір жыл бұрын 2 700 мектептің дәретханасы далада орналасқан болса, бүгін 2600-ге жуық дәретхана салынып, бұл көрсеткіш 98,9%-ға жетті. Десек те Түркістан, Алматы, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының 110 мектебінде ауладағы дәретханалар жұмыс істеп тұр. Бұл мәселені 1 қыркүйекке дейін толық шешу керек», – деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Сонымен қатар, Асхат Аймағамбетов елімізде үш жылда 42 балалар үйі жабылғанын айтты.

«Ал соңғы үш жылды алсақ, 42 балалар үйі жабылып, тәрбиеленушілердің саны 1969-ға азайып отыр. Балалар үйлерінде арнайы қамқоршылық кеңесі құрылды. 18 балалар үйі балаларды қолдау орталықтарына бейімделді. Бала асырап алатын ата-аналарды міндетті түрде даярлықтан өткізу үшін «Бала асырап алшуылар мектебі» институты енгізілді», – деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.