Үкімет «Жайлы мектеп» жобасын мақұлдады

29.11.2022 в 23:16

Мемлекеттік тіл, тарих пен Конституцияны білмейтіндерге Қазақстан азаматтығы берілмейді

Үкімет «Жайлы мектеп» жобасын мақұлдады. Келер жылдан бастап елімізде 400-ге жуық білім ошағының құрылысы басталады. Ерекшелігі жайлы мектепте оқушыға білім алу үшін қажетті бар жағдай жасалмақ. Бас мұғалімнің сөзінше, жаңа білім мекемелерінде трансформер-парта мен ауыз су фонтандары қойылады.

Білім саласындағы бас ауыртқан басты мәселе - үш ауысымды мектеп. Қазір елде олардың саны 150-ден асады. Бас мұғалімнің айтуынша, Түркістан, Алматы облысында жағдай ушығып тұр. Асхат Аймағамбетов түйткілді шешуге «Жайлы мектеп» жобасы мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектеп ғимаратының жекелеген блоктарында оқиды. Сәйкесінше, олардың өз оқу кабинеттері, әжетханалары, спорт залдары болады. Балалардың қаупсіздігін қамтамасыз етуге жағдай жасалады. Бейнебақылау, дыбыстық дабыл сияқты қауіпсіздік нысандары орнатылады», – деді ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.

Ұлттық жобаны іске асыруға 3 жыл беріліп отыр. Бастамаға республикалық бюджеттен 2,6 трлн теңге қаржы қарастырылған. Үкімет басшысы жобаның берері мол дей келе, оның мектептердегі орын тапшылығын жоюға, апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселесін шешуге тиімділігін атап өтті. Бұл ретте Әлихан Смайылов облыс әкімдеріне 1 ай ішінде жер учаскелерін бөліп, инженерлік коммуникацияларды жүргізу мәселесін ойластыруды жүктеді.

«Жайлы мектептер айырмашылығы олар біріңғай стандартпен жобаланады. Яғни пәндік кабинеттер, компьютерлік сыныптар, зертханалар мен шеберханалар, бәрі бірыңғай стандарт негізінде жабдықталып, заманауи интерьер бойынша жобаланады», – деді ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов

Үкімет жиынында көші-қон мәселесіндегі жаңа міндеттеме жайы сөз болды. Енді мемлекеттік тіл, тарих пен Конституцияны білмейтіндерге Қазақстан азаматтығы берілмейді. Ішкі Істер министрі Марат Ахметжанов Қазақстанда азаматтық алу тәртібі қатайтылып жатқанын еске салды.

«Қос азаматтық фактілеріне жауапкершілікті қатаңдату көзделіп отыр. Егер Қазақстан азаматының жеке басын растайтын құжаты бар қандай да бір адам басқа елдің азаматтығын растайтын құжатты пайдаланса, көші-қон қызметі ол адамды біздің азаматтықтан айырады», – деді ҚР ІІМ Марат Ахметжанов  

Салаға өзгеріс енгізу жайына қатысты Тамара Дүйсенова да ұсыныс айтты. Министрдің сөзінше, көші-қон мәселесінде шеттен ағылған азаматтарды есепке қою үшін бірыңғай ақпараттық жүйе құру қажет. Ол миграттардың мемлекеттік қызмет алуын жеңілдетіп, мемлекеттік органдармен тікелей байланысын барынша азайтатынын айтты.

Кәмшат Мұхамеджан, Ринат Өтеев, Дпанияр Омар, «Алматы» телеарнасы