Ұстаздардың сөзінше, «дәріс сағаттарын саудалаған» басшылық құрамның былығы шыдамның шегіне жеткен
Таразда лауазымын асыра пайдаланады деген директорға қатысты дау үдеп барады. Ашулы ата-аналар кеше екі кештің арасында мектепке жиылып, тағы да наразылық білдірді. Олар оқу ордасында ойран салған басшылық құрамның барлығын қызметтен босатуды талап етуде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Таразда №43 мектептегі шу әлі басылар емес. Кешегі даудан кейін мектеп мұғалімдері мен ата-аналар кеш ауа қайта жиылып, білім ошағын басына көтерді. Ұстаздардың сөзінше, «дәріс сағаттарын саудалаған» басшылық құрамның былығы шыдамның шегіне жеткен. Мәселен, бейресми баға бойынша 24 сағат алғысы келген маман 30 мың, 27 сағаттық дәріске 50 мың тенге төлеуі керек. Декреттік демалыстан оралу – 100 мың теңге. Ашулы тарап оқу ордасында орын алған былықты доғаратын уақыттың келгенін айтады.
Блиц: 1) (әйел) Мынаны өз үйі қылып алған ғой ол. Білдің бе? Былай қарасаң, жеке меншік өз үйі болып тұр ғой. Айналайын-ау, егер де директор өзінің қызметкерлерімен таласып, тартысып жүрсе, осындай жерде балалар қалай білім алады?
2) (әйел) Бала келеді, әпкесінің көңіліне қарайды. Әпкесі оқытса оқытты, оқытпаса ол кісінің миы басшылықпен басы қатып жүр, демек. Қазір директор не дейді екен? Қалай сөйлейді екен? Осындай әңгімемен балаға дұрыс сабақ бермейді. Балаларымыз сонда не үшін оқып жатыр бұл жақта? Қандай білім алып жатыр?
Бұл жолы мектеп басшылығы төбе көрсетпеді. Білім саласының мамандары да жоқ мұнда. Дегенмен кеше құрылған арнайы кеңестің шешімі бойынша, 30 жылға жуық жұмыс өтілі бар, директор босатқан маман жұмысқа қайта қабылданбақ. Ал мектеп басшысына қатысты тексеріс әлі де жалғасатын болды.
«Қазіргі уақытта өзектілігі ескеріліп, жедел түрде тексеру шешімі шығады деген жоспарымыз бар. Білім мекемелерінде қаражат жинауға қатаң тиым салынатындығы жөнінде. Қандай да бір себепке байланысты егер де қаражат жиналған болатын болса, заңнама талаптарына сәйкес, сол кемшілікке жол берген тұлға тиісті жауаптылықта болады», – дейді Қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Уалихан БАЙДУАНОВ.
Әскери мінезді әйел басшы білім ордасын біліксіз мамандардан тазартамын деп, өзі де қызметтен кетті. Бірақ екі кеш арасында жиылғандар, бюрократ басшымен қоса қызметтегі қосшыларының да кеткенін қалайды. Талаптары орындалмаса, барлық мектеп ата-аналары жиылып министрлікке халық атынан арыз жазбақ.
Мерей Бает, Олжас Ерғали, Мейіржан Ерболатов, «Алматы» телеарнасы Тараздан.