Жасанды интеллект: отандық технологиялар әлемдік бәсекеге ілесе ала ма

Сгенерировано ИИ
Сгенерировано ИИ

Үкіметте нейрожүйелерге қатысты жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Соңғы жылдары жасанды интеллекттің қауқары әлемді таң қалдырып, өзіне қаратып отыр. Көз ілеспес жылдамдықпен дамып келе жатқан технологиялар адамзаттың қалыпты өмірін өзгертіп келеді. Үкіметте нейрожүйелерге қатысты жаңа заң жобасы әзірленіп жатқаны белгілі болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Кезінде ғаламтор адамзат тіршілігін қалай өзгертсе, бүгінде жасанды интеллекттің де ықпалы дәл сондай. Қазір сабақ оқытып, көлік жүргізетін, үй жөндеп, дәрігердің қызметін атқаратын роботты көру ғажап емес. Елімізде бірқатар мекемелер жұмыс процесін автоматтандырып, жасанды интеллекттің көмегіне көшпек. Отандық технологиялардың да қарқыны өсіп, біртіндеп әлемдік бәсекеге ілесуге мүмкіндік алып жатыр.

Медхат Әкімбек  – жасанды интеллекті алғаш қазақ тілінде сөйлеткен маман. Автор елімізде біршама айтулы стартаптар енгізіліп, қоғамға оң әсерін тигізіп жатқанын айтты.

– Жасанды интеллект саласын қазақ тілді аудитория ерте түсіну үшін сол сәтте аналогын, ең алғашқы ұлгісін жасасақ деп ұйғардық. Бірнеше айда жобада мыңдаған қолданушы болды. Қазір шығып жатқан стартап жобалардың ішінде бәсекеге қабілетті болып жатқандары бар. Жасанды интеллект арқылы инсульттың алдын алатын компания бар, «Сергекте» жасанды интеллект өте жоғары рөл атқарады, – деді IT маманы Медхат Әкімбек.

Жасанды интеллектінің қабілеті күн санап дамып, қарқыны адамзатты таң қалдырып жүр. Мамандар жақында нейрожүйелер тіршіліктің барлық саласында, тіпті үй шаруасына да араласатын құрал болады деп болжап отыр. Мәселен қазірдің өзінде жасанды технология бет әлпетімді зерттеп, көз қарашығын камераға қаратып, мәтін оқуға мүмкіндік беріп тұр.

Жасанды зердені әр сала, кәсіп, мамандық тәжірибеден өткізіп жатыр. Бұл – кез келген тапсырмаларды тез әрі оңай орындайтын алгоритмдік жүйе. Кейде тіпті адамның қолынан келе бермейтін күрделі тапсырмаларды орындауға қауқары жетеді. Сондықтан қоғамда нейрожүйелер адам баласын түбінде жұмыссыз қалдыруы мүмкін деген пікір бар. Алайда сала сарапшылары бұл оймен келіспейді.

– Салыстыратын болсақ, ТМД елдерінің ішінде біз көп бағытта, әсіресе банктік жүйеде алға жылжыдық.  Бұл – негізі адамның өмірін жеңілдету, яғни әрі қарай соны дұрыстап қолдана білу. Жасанды интеллект адамзатты, адамның өмірін толықтай өзгертеді, орнын басады дегенге сенбеу қажет. Неге десеңіз, бұл тек қана инструмент, инструментті дұрыс қолдана білу, қолдана білуді үйрену қажет, – деді IT саласының сарапшысы Жолдас Бөрібаев.

Таяқтың екі ұшы бар дегендей, жаңа технологияларды қолданғанда қауіпсіздікке де назар аударған жөн. Жақында Цифрлық даму министрлігі жасанды интеллект туралы заң жобасын әзірлеп жатқанын мәлімдеді. Онда деректерді пайдалану, жүйенің қауіпсіз жұмысы жайлы нормалар, ондағы этиканың, оны пайдалану қауіпсіздігінің қағидаттары енгізіледі.

– Мәжіліс депутаттары министрлікпен бірлесіп, жасанды интеллектіні құру, дамыту және пайдалану кезінде мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар арасында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған жасанды интеллект бойынша заң жобасын әзірлеп жатыр, – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Инновацияларды дамыту департаментінің директоры Дархан Мырзабаев.

Bloomberg Intelligence платформасының мәліметі бойынша, нейрожүйе нарығы шамамен 50 миллиард доллар болып бағаланады. Елде дайындалып жатқан жаңа заң еңбек, PR және кәсіпкерлік нарығына айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Бұл салада қарама-қайшы пікір көп, бірақ әзірге адам санасының аналогы болатын жасанды зерде әлі ойлап табылмады.

Әйкерім Пернебек, Сағынғали Мұңайтпасов, Ханкелді Ахметхан, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Елімізде болашақ ғалымдарға қандай мүмкіндік бар

Новости партнеров