|
11.04.2024 | 18:39
250

Саяжайдағы дау: Қарағандыда бау-бақшаны су басты

Мәселені шешуге қауымдастықтың басшылығы қауқар танытпаған

Саяжайдағы дау: Қарағандыда бау-бақшаны су басты Almaty.tv

Қарағандыда 20-ға жуық бау-бақшаны су басты. Жеке кәсіпкердің құбырды жауып тастаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл саяжайларда көктем келсе, көпшілік қыс бойы жиналған қоқысты тазартып, жерін қопсытуға әзірленетін. Бірақ биыл азаматтар әрекетсіз отыр. Оған себеп – бау-бақшаны басқан су. Осы аумақтағы кәсіпкерлердің бірі жер астынан өтетін құбырды жауып тастағандықтан, айнала саз-балшыққа айналған. Мәселені шешуге жүзден астам саяжайға иелік ететін үш қауымдастықтың басшылығы да қауқар танытпаған. Әзірге әкімдіктен де қайыр жоқ.

– Жасымыз келіп, зейнеткер болсақ та бақшаға өнім егіп, пайдасын көргіміз келеді. Осы саяжайдың арқасында өмір сүріп жатырмыз. Барлық еңбегіміз зая кетті. Мәселемізге құлақ асар адам жоқ. Ал су ағатын құбырды жауып тастаған кәсіпкерге ешкімнің сөзі өтпей отыр, – деді саяжай тұрғыны  Галина Кислова.  

– Өте қиын жағдай.  Мұның бәрін қайта қалыпқа келтірудің өзі үлкен шығын екені белгілі.  Барлық дүние-мүлкіміз суға кетті. Кәсіпкер бізді адам құрлы көрмейді, – деді саяжай тұрғыны Наталья Бутарина.

Мұндағы жабдықтар су астында қалған соң, жарамсыз күйге түскен. Күзде халықты табиғи өніммен қамтып, өңірдегі баға тұрақтылығын сақтауға атсалысқан саяжай иелері «еңбегімізді елеп жатқан ешкім жоқ» деп наразы.

– Әкімшілікке айттым. Жиналыс жасадым. Кәсіпкер сөйлеспейді. Зейнеркер саяжайда тер төгіп, нәпақасын табады, – деді қоғам белсендісі Еркебұлан Сақтағанов.

Кәсіпкер жол астынан өтетін құбырды жауып тастағандықтан, халық наразылығы өрши түскен. Жергілікті билік «екі тарап бір шешімге келе алмай, келіссөз жүргізу қиынға соқты» дейді. Бірақ сан мәрте кездесу өткізген соң халықтың райынан қайтпайтынын білген азамат жол бойындағы арықты қазуға ақыры рұқсат берген.

– Басында кәсіпкерді түсінбей, уақыт созып алдық. Кәсіпкер жазда темір жол астынан темір құбырын тастайтын болады. Су өтетіндей. Ал қазіргі таңда суды өткізу үшін насос қойылатын болады, – деді Қазыбек би ауданы әкімдігінің бөлім басшысы Ерік Ахметов.

Екі-үш апта бойы тұрып қалған су қазір саяжайдағы үйлердің ішіне кірген. Шаруа адамдары ендігіде жердің толық кебуін күтуге мәжбүр. Салдарынан, бақша дақылдарын отырғызу маусымы қарағандылық саяжай өкілдері үшін кеш басталғалы тұр. Ал өнімнің қалай шығатыны тек уақыт еншісінде.

Мақсат Бейсенаев, «Алматы» теларнасы, Қарағанды облысы

Оқи отырыңыз: Жабайы сауда: «Рахат» сауда орталығына қатысты қандай шешім шықты

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир