Тоқтау мерзімінде университет абитуриенттерді қабылдай алмайды
Алматыдағы Шет тілдер және іскерлік карьера университеті бас лицензиясынан айырылу алдында тұр. Студенттердің білімін тексеру кезінде олардың 90 пайызы шекті деңгейден өте алмаған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің қайта тексеру жұмыстары осындай нәтиже көрсеткен. Сонымен қатар, оқу процесінде тіпті ең төменгі белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін ескірген компьютерлер қолданылған. Бұдан әрі бас лицензиядан айыру және жоғары оқу орнын жабу бойынша жұмыс жүргізіледі. Заңнамаға сәйкес, лицензияның күші тоқтатылған жағдайда, студенттер басқа жоғары оқу орындарына ауыса алады. Осы ретте, министрлік талапкерлерден жоғары оқу орындарын таңдауға жауапкершілікпен қарауды сұрады.
«Сонымен қатар, бір жылдық магистратура түлегіне екі жылдық магистратура бітірген дәрежесі берілген. Яғни, мемлекеттік аттестация комиссияның шешімі бойынша бейінді магистратура түлегіне, ғылыми педагогикалық бағыттағы магистратураның дәрежесі ұсынылған. Сонымен қатар, комитеттен жоғары оқу орындарымен талап етілетін біліктілік талаптарды бұзғаны үшін комитет осы аталмыш университетін қазіргі таңда лицензиясынан тоқтатты. Тоқтау мерзімінде университет абитуриенттерді қабылдай алмайды. Сонымен қатар, мемлекеттік тапсырыс, гранттарға қатыса алмайды», – деді БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің басқарма басшысы Эльвира Сапарбекова.