Қазақстан бойынша 250 мыңнан аса бала кезекте тұр
Балабақшалар мен мектеп мұғалімдерінің айлығында жер мен көктей айырмашылық бар. «Мектепке дейінгі мекеме тәрбиешісі аз жалақы алады» дейді Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері. Жауапты ведомства аталған мамандардың жалақысын көтеру үшін жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Мектепке дейінгі ұйымда күні бойы жұмыс істейтін 2 педагог сынақтан өтті. Соның нәтижесінде педагогтардың айлық табысын көтеру үшін түрлі нұсқа қарастырылып, оған қажетті қаражат есептелген болатын. Сондықтан да бұл мәселе шешіліп жатыр», – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі ерте жастағы балаларды дамыту институтының директоры Манара Адамова.
Қазақстанда соңғы 4 жылда балабақша кезегінде тұрғандар саны 2 есеге азайыпты. Қазір ел аумағында 1 миллионнан астам бала мектепке дейінгі мекемелерге барып жүр. Оқу-ағарту министрлігінің ақпарына сай, қазір 11 мың 104 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалар 90 пайыз, ал 3 жастан 6 жасқа дейін бүлдіршіндер 98,3 пайыз балабақшаға орналастырған. Қазақстан бойынша 250 мыңнан аса бала кезекте тұр. Мектепке дейінгі ұйымдарда орын тапшылығы мәселесін шешу бағытында алдағы 3 жылда 223 мыңға жуық орынмен қамтамасыз ету жоспарланған.
«Кезекті азайтуға жұмыс жасау үшін әрбір балаға қаржысымен бірге трансферттер беріліп отыр. Ол алдағы 3 жылға бөлінген», – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі ерте жастағы балаларды дамыту институтының директоры Манара Адамова.