Ол туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов айтты
Биыл маусым айында ҰБТ-ға қатысуға қабылданған өтініштер рекордты жаңартып отыр. Ол туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның сөзінше, 131 мың 750-ден астам өтініш түскен. Тест тапсырушыларға есептегіш құралдарын қолдануға рұқсат беріледі. Тестілеу уақыты да ұзартылған. Талапкер 4 сағат ішінде дұрыс жауаптарды белгілеуі тиіс. Ал сұрақтар арасында төртінші тоқсанда өткен тақырыптар болмайды екен. Сонымен қатар, Ұлттық тестілеу орталығының директоры осы жылы бақылау барынша күшейтілгенін ескертті.
«Егер ғимаратқа кіру барысында тиым салынған заттар – смартфондар, жазба қағаздар, құлақ аспаптар және басқа да табылса, онда тестіленуші емтиханға жіберілмейді. Әр аудиторияда бейнебақылау орнатылады және барлық жазбаға 25 тамызға дейін талдау жүргізіледі. ҰБТ өткізу қағидаларының бұзылуы анықталған жағдайда(көшіру, қағаз жазбалар қолдану т.б.), онда тестілеу нәтижесі жойылады. Сонымен қатар, білім беру грантын тағайындау конкурсының нәтижесі жойылуы да мүмкін», – деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов.
Елдегі карантин жағдайына байланысты медициналық-санитарлық талап барынша сақталады. Тест тапсырушылар 5 бақылау кезеңінен өтеді. Ал, ата-аналар ҰБТ өткізу пунктіне кіргізілмейді.