Сабақтан тыс спорт үйірмесін жүргізген педагогке 100 пайыз үстемақы төленеді

egemen.kz
egemen.kz
2023 жылға дейін жыл сайын 25 пайызға ұлғаятын болады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Сабақтан тыс спорт үйірмесін жүргізген педагогке 100 пайыз үстемақы төленеді. Бұл туралы Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов айтты. Оның сөзінше, мәдениет және спорт саласындағы мамандандырылған мектептер мен колледж қызметкерлерінің жалақысы 2023 жылға дейін жыл сайын 25 пайызға ұлғаятын болады. Бұдан бөлек, Парламент Мәжілісінде бұқаралық спортты дамытуға бағытталған заң жобасы қарастырылып жатыр. Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында айтылған өзге де өзекті мәселелер жөнінде Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек тарқатады.

Еліміз Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов алдағы уақытта қысқартуға ұшырайтын жауапты хатшылардың қанша жалақы алатынын айтты. Оның сөзінше, олардың орташа жалақысы бүгінде 685 мың теңгеден басталып, жұмыс өтіліне қарай 815-830 мың теңгеге дейін жетеді. Ал, аталған қызметкерлердің бұдан арғы тағдырын тікелей министрлер шешеді.

«Басқа министрлікке немесе ведомствоға жіберу – бұл тікелей бірінші басшының өкілеті. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл мәселеге қатысты нақты ұстанымын, бірінші кезекте жауапкершілік мәселесін айқындап берді. Әрбір министрлікте жауапкершілік министрдің өзіне жүктелуі тиіс», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары  Ералы Тоғжанов.

Ал, Шағын жинақты мектептердің мұғалімдеріне жалақы төлеу тетігі өзгертіледі. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің сөзінше, осы жылдың қыркүйек айының өзінде ұстаздардың дәптер тексеру бойынша үстемеақысы 2 есе көбейген. Сонымен қатар, ұстаздардың сынып жетекшілігі үшін алатын үстемеақысы да екі есе арттырып отыр, деді министр.

«Мемлекет басшысы ауыл, қала мектептерін дамыту, әсіресе жалпы білім беруді дамыту бойынша тапсырма берді. Бұл тапсырманы орындау үшін тиісті жұмыстар жүргізілетін болады. Ең алдымен шағын жинақты мектептерге қатысты. Оларда бірнеше проблема бар. Біріншісі – ұстаздардың жетіспеушілігі, екіншісі –материалдық-техникалық базасы, білім деңгейі. Сондықтан осы тұрғыда жұмыс жүргіземіз. Еңбекақы төлеу тетігін өзгертеміз. Ұтқыр мұғалім, интернат орнату, әдістемелік көмек, оқыту жұмыстары, жалпы материалдық-техникалық базаны жаңарту бойынша іс-шаралар қабылданады», – деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Бұдан бөлек Асхат Аймағамбетов жыл соңына дейін 24 жоғары оқу орны тексерілетінін тілге тиек етті. Естеріңізге салайық, Президент Жолдауында сапасыз білім беретін, дипломды саудалайтын жоғары оқу орындарын сынға алған болатын. Ал Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Марат Шоранов ресейлік «Спутник V» вакцинасына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, белгілі бір санаттағы адамдарға Ресей вакцинасын салуға тыйым салынады.

«Ресейде өндірілген «Спутник V» вакцинасы аденовирусқа қарсы екі серотипке негізделген тірі векторлық вирус-вакциналар түріндегі препарат деп айтқым келеді. Бұл вакциналар созылмалы, респираторлық ауруларға жақсы. Бірақ бұл вакцинаны жүкті әйелдерге, емізетін келіншектерге, сондай-ақ 60 жастан асқан адамдарға салуға болмайды», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Марат Шоранов.

Бұдан бөлек, Ералы Тоғжанов Қазақстанда тағы да қатаң карантин енгізу мәселесі қарастырылмағандығын мәлімдеді. Ол әлеуметтік желілерде 17 қыркүйекте қайта карантинге жабады. Ал, қазан айында күн сайын 5 мың адамға дейін індет жұқтырады деген ақпараттарды жоққа шығарды

Новости партнеров