«Баспанасыз қалдым». Алматыдағы арнайы құрылған жедел штабқа қоңырау шалған студент саны тағы арта бастады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ал ешқайда орналаса алмағандар аталған орталыққа келіп бір күн түнейді. Бірақ олар жайлы мәлімет дереу министрлікке беріледі екен.
Соңғы бір айда баспана бағасының күрт өсуі ең әуелі студенттер үшін оңайға соқпады. Онсыз да жатақхана жетіспейтін білімгерлердің пәтер жалдауға тіпті жағдайы жоқ. Мәселен, Алматыдағы 95 жатақханаға бар-жоғы 30 мың адам сыяды. Ал ғылым және жоғары білім вице-министрі 123 мың студенттің қалаға басқа жақтан келетінін айтқан еді. Бүгінде олардың қаншасы баспана тапқаны белгісіз.
«Пәтер иесімен 1 жылға келісім-шарт жасағанбыз. Соған қарамастан, бағаны өсіріп, қуып шықты. Магистрант болғандықтан, жатақхана алу да қиын. Амал жоқ, әзірге қымбат та болса, пәтер жағалап жүрмін», – деді студент Гүлшат Розыева
Мәселені бір жақты ету үшін құрылған орталық олардың мәселесін шеше алмайды. Тек жауапты органдарға ақпарат берумен ғана шектеледі. Ал студенттерді жатақхана, хостел мен пәтерге орналастыру министрліктің құзіретінде.
«Баспана табу өте қиын болды. Алматыға алғаш келгендіктен, пәтер жалдаудың да жолын білмедім. Табыс таппайтын студент үшін айына 200 мың теңге – мүмкін емес ақша ғой. Әлеуметтік желіден көріп, жедел штабқа хабарластым. 2 күннен соң жатақханаға орналастырды», – деді студент Диана Курбатова.
Барар жер, басар тауы қалмаған студенттер қазір жедел штабты жағалайтын болған. Мұнда мынадай 16 адамға арналған төсек орын бар. Бірақ уақытша. Оның өзі көптің көмек алуына септігін тигізіп тұр.
Жатақхана берілмеген, ал қалаған пәтерде тұруды қалтасы көтермеген студенттер осы штабқа хабарласады. Дегенмен соңғы 3 күнде «баспанасыз қалдым» дегендердің саны тағы артқан.
«Оқу жылының басынан бастап 214 қоңырау түсті. Ол жерде студенттер, ата-аналары және хостел иелері және квартирасын жалға бере алатын кісілер де болды. Жалпы, 155-ке жуық жатақханаға мұқтаж студент тіркелді. Олардың бәрін министерствоға жіберіп қойдым. Олардың басым көпшілігіне жатақхана берілді», – деді жедел штаб өкілі Рауан Аймашев.
Министрлік өкілі Қазақстандағы 104 жоғары оқу орнына қарасты 309 жатақхананың бар екенін айтады. Ал негізгі орын тапшылығы Алматы қаласында.
«Жылдың соңына дейін 17 жатақхана берілетіндігі туралы ақпаратымыз бар. Сонымен қатар, Алматы қаласы бойынша жыл соңына дейін 5 жаңа жатақхана іске қосылатын болады және бір ақпарат, 2026 жылдың соңына дейін студенттердің саны 1 млнға дейін жететіндігі туралы ақпарат бар. Яғни, біз бұл мәселені назардан шығармай, жүйелі түрде шешіп отыруымыз керек», – деді ҚР ҒЖБМ комитет төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Ержан Әмірбекұлы.
Ресми ақпардан бір дерек: елдегі жатақханалар 101 522 орынға лайықталған. Оның 88 мыңы бос емес. Ал,министрліктің айтуынша, Алматыдағы тапшылықты жою - жыл бойы шешуді талап ететін негізгі мәселе.
Мадина Оқас, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы