Жақсы мүмкіндік: әскердегі сарбаздар ЖОО-да тегін оқи алады

elements.envato.com
elements.envato.com
Әуе әскери институтында 4 жыл оқиды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтауда 22 әскери қызметші жоғары оқу орнында тегін оқуға мүмкіндік алды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Жас сарбаздар мен матростар әскерге биыл көктемде шақыртылған. Енді олар Алматы, Щучинск және Ақтөбедегі әуе әскери институтында 4 жыл оқиды. Оқу бітірген түлектерге лейтенант атағы беріледі. Бұдан соң келісімшарт бойынша әскери салада 10 жыл қызмет атқаруы тиіс.

Қатардағы жауынгер Диасқали Бекқалиев сапар алды дайындық үстінде. Мерзімді әскери қызметші Ақтаудағы жауынгерлік теңіз базасына наурызда келген. 20 жастағы сарбаз десанттық-шабуылдау батальонында қызмет етеді. Жетісу өңірінің тумасы жастайынан Каспийді көруді армандапты. Енді ол әскери теңіз саласында жоғары білім алып, кәсіби маман боларына сенімді.

- Маған және қасымдағы жолдастарыма Ақтөбе қаласындағы әскери институтқа түсуге үлкен мүмкіндік туып тұр. Мен оған өте қуаныштымын. Осы төрт жылдық оқуды бітіргеннен кейін нағыз теңізші әрі әскери командир болуды жоспарлаймын, - дейді әскери қызметші Диасқали Бекқалиев.

Ал Сабыржан Мұсағұловтың мұраты – авиацияда қызмет ету. Азаматтың өзі мектеп бітірген жылы сол салаға құжат тапсырудың сәті түспегенін айтады. Қазір ол жас матрос. Ал, Ақтөбедегі әуе қорғаныс күштері институтында тегін оқуға болатынын естіген бойда Сабыржан бірден бағын сынап көруді ұйғарыпты.

- Күніміз әскери қызметтің база алаңында сапқа тұрудан басталады. Сол кезде аспанды кесіп өтетін ұшақтарға қызыға қарайтынмын. Арманым – әскери ұшқыш болу. Мұратыма жету үшін бар күш-жігерімді саламын, - дейді матрос Сабыржан Мұсағұлов.

Талапкерлер туралы деректі «Әскери міндеттілер 2.0» атты цифрлық платформадан көруге болады. Ережеге сәйкес, әскери бөлім басшылығы жауынгерлік дайындық журналын жүргізеді. Онда әр үміткердің нормативтерді орындау нәтижелері, психологиялық мінез-құлқы жайлы мәлімет, тіпті ай сайынғы сабақ үлгерімі де көрсетілген.

- Мерзімді әскери қызметте жүрген 22 матрос пен сарбазды жоғары оқу орындарына жібергелі жатырмыз. Соның 18-і Ақтөбе, екеуі Алматыдағы әскери институтқа барады. Қалғаны Щучинск қаласындағы кадет колледжінде білім алады. Оқуды бітірген соң жас офицер ретінде Ақтау гарнизонында абыройлы қызмет атқарады деп сенеміз, - деді ҚР қарулы күштері әскери-теңіз базасының командирі Бауыржан Мұратұлы.

Естеріңізге салайық, әскери саладағы мемлекеттік бағдарлама былтыр енгізілген. 2023 жылы Маңғыстауда мұндай қызметте жүрген 13 сарбаз іріктеу кезеңінен өтіп, білім грантын иеленіп еді. Ал одан сүрінгендер қызмет мерзімі аяқталғаннан кейін ҰБТ тапсырмай-ақ, жоғары оқу орнына ақылы негізде түсе алады.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрболатұлы, «Алматы» телеарнасы, Маңғыстау облысы.

Оқи отырыңыз: Жарамсыз диплом: медицина факультетінің студенттері шу көтерді

Новости партнеров